«Ғаламдық бастамалар» тақырыбында «Жастар кубогы» ішкі турнирі өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 1 желтоқсан күні Жастар саясатын дамыту бөлімі, «Парасатты НЛО (Нағыз Лидерлер Одағы)» интеллектуалды пікірсайыс клубы «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» жұлдызды күндері шеңберінде, Тұңғыш Президент күніне орай «Ғаламдық бастамалар» тақырыбында «Жастар кубогы» ішкі турнирі өтті.

Пікірсайыс турнирінің басты мақсаты – бүгінгі жаһандану дәуірінде Қазақстан сияқты жас мемлекеттің ары қарай дамуы үшін өз болмыс-бітімін, ана тілін, ұлттық рухын, намысын сақтап қалу, бүгінгі қоғамның ашындыратын мәселелерін талқылап, мемлекетіміз аясындағы ғаламдық бастамалар туралы ой білдіріп, жастардың бойындағы патриоттық сезімін күшейту.

Ашылу салтанатында алғашқы сөзді алған Жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы Н.Қайдаулова Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, пікірсайыс турниріне қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

Турнирге қатысқан 20 фракция сайыс барысында «Айша бибі әкесін тыңдағанда бақыттырақ болатын еді», «ҚР емханаларында ЖТД (жалпы тәжірбиелік дәрігер) керек д.е.», «Әлемдегі соңынан санағанда бірінші тұрған мемлекетті көрсетеді», «ХХІ ғасырдағы ең үздік көшбасшыны анықтайды», «Жетістікке жетудің негізгі көзін көрстеді», «Ядросыз әлем» тақырыбында талқылау жасап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Пікірсайысшылардың негізгі міндеттері – қоғамның өзекті мәселелерін талқыға салып, сол туралы түсініктерді кеңейту болды. Турнирдің бас төрешісі – «Парасатты НЛО (Нағыз Лидерлер Одағы)» ИПК аға буыны, физика-математика факультетінің 3-курс студенті Менеш Салтанат.

Турнир барысы екі бөлімнен тұрды. Әсемгүл Касымова интеллектуалды «Что, где, когда?» ойынын қыздар арасында, екі командаға бөлу арқылы жүргізіп, тарихи және интеллектуалды сұрақтар қойылса, Ұлдана Жолшыбек «Ғаламдық бастамалар» тақырыбында баяндама қорғады. Екінші турниріміздің іріктеу кезеңі 2 раундтан тұрды. 2 раунд бойынша, жеңіс сандарына байланысты 8 команда келесі турға өтті. Үздік сегіздікте жеңіп шыққан 4 команда ақтық финалда ойын көрсетті. Жартылай финалды жеңіп шыққан 2 команда, соңғы турда ойын көрсетті.

Турнир нәтижесі бойынша І орынды – «Біз боламыз, Мәншүктей!» фракциясы – Жанар Өтеген, Наргиза Тынышбай иеленді. ІІ орынды – «Құсни Қорлан» фракциясы – Адиля Күзембек, Айна Жұманәлі жеңіп алды. ІІІ орынға «Айман-Шолпан» фракциясы – Ырысгүл Жұмаева мен Әсем Даутова ие болды.

«Ең үздік спикер» номинациясы Балжан Аубакироваға берілсе, «Ең үздік төреші» аталымына «Физика-математика» факультетінің 4-курс студенті Балымжан Әлімхан ие болды. «Үздік талпыныс» номинациясына «Жаһан-Бегім» фракциясы (Меруерт Бакиева, Данагүл Әбәш) лайық деп танылды. Қатысушылардың барлығы сертификатпен, жеңімпаздардың барлығы «Меломан» сауда үйінің кітаптарымен соныемен қатар дипломдармен марапатталды.

Іңкәр Алмабек,
«Парасатты НЛО» ИПК координаторы