Тіл мәселесіне арналған конференция өтті

 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай университетте Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасымен бірге «Мемлекеттік тіл саясаты – қазақстандықтардың бірігуінің факторы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Конференция жұмысын ашқан университетіміздің Бірінші проректоры Баходир Әлиев мемлекеттік тіл төңірегіндегі мәселелерді сөз етіп, ана тіліміздің дамуына еңбек етіп жүрген Мамай Қаниұлы, Бақыт Әбілұлы, Бекет Қадырбайұлына алғыс хат тапсырды. Одан кейін сөз алған Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов «Ұлт пен мемлекет барда тіл мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып қалады. Тіл бар жерде мемлекет те пен халық та бар», – деп бүгінгі таңдағы ана тіліміздің өзекті мәселелерін қозғады.

Тіл мәселесінде бүгінгі таңда заман талабына сай кітаптар жазып жүрген Қанат Тасыбековте қалыс қалмады. Ол өзінің баяндамасында қазіргі қоғамда жастар ғана емес, мемлекеттік қызметте отырған басшыларымыздың да арасында қазақ тілін білмейтіндердің аз кездеспейтіндігін тілге тиек етті.

Тіл мәселесі көптеген ғалымдарды бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Оған дәлел, ҚР ҰҚК академиясының профессоры Сара Қоянбекова «ҚР тіл саясаты: мемлекеттік тіл тәуелсіздік тірегі» атты баяндамасында тіліміздің саясаттағы сипатын жан-жақты талқылады. Ал, «Тіл дегеніміз барлық халықтарды біріктіретін құрал», – деп санайтын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Ақжарқын Абуова қазіргі таңдағы қазақ терминология мәселесіне басты назар аударып, сөздіктер қорын көбейту мәселесін айтты. Азаматтық Авиация академиясының профессоры Гүлназ Төлекова «Студенттерімізге мамандыққа қатысты сөздік қорын үйрету стратегиясын қарастыруымыз қажет» деген өз ойын ұсынды. Сондай-ақ, Қыздар университетінің профессоры Қаламқас Қалыбаева да көпшілік көкейіндегісін дөп басқан, салиқалы баяндама жасады.

Университетімізде мұндай конференцияның өтуі жастар үшін үлкен тәжірибе мектебі деуге болады. Өйткені, мұндай басқосудың студенттерге берері мол. Шара барысында Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов ана тіліміздің дамуына үлес қосып жүрген қоғам белсенділері Оралжан Масатбаевы, Қанат Тасыбеков, Алтынай Тымболоваға алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, осы конференцияны ұйымдастыруға үлес қосқан ғалымдар да одан тыс қалмады.

Конференция соңын Мамай Ахетов «Негізі «тіл мәселесі қыл үстінде тұр, оның жойылып кету қаупі бар», «біздің тілімізде өлі тілдердің қатарына еніп кетеді» деп айта берудің қажеті жоқ. Керісінше бұрынғы жылдармен салыстырғанда 2016 жылы балаларын қазақ мектептеріне бергендер саны артты, қазақ мектептерінде оқитын бала саны 90%-ға көбейді. Бұған қарап біз тіліміздің дамып келе жатқанын байқаймыз», – деген пікірімен қорытындылады.

Бота Серікбаева,
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің
2 курс студенті