Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 268

Алматы қаласы бойынша тұңғыш рет қытай тілі оқытушыларының байқауы өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде желтоқсан айының 2-ші жұлдызында Алматы қаласы бойынша тұңғыш рет «Тіл - татулық тірегі» атты қытай тілі оқытушыларының байқауы өтті.

Бұл шара Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы консулдығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Конфуций институты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Көптілді білім беруді дамыту орталығына қарасты Қытай тілі орталығы бірлесіп, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Байқаудың мақсаты – Қытай тілі оқытушылары арасында өзара тәжірибе алмасу, қытай тілін үйренуге қызығушылықты арттыру, университеттер арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту.

Алматы қаласы бойынша тұңғыш рет өткізіліп отырған «Тіл татулық тірегі» атты байқауда Алматы қаласындағы 7 жоғары оқу орнынан жалпы 13 оқытушы сынға түсті. 300-ден астам студент және оқытушылар көрермен ретінде қатысып, залды ерекше думанға бөледі. Төрт жарым сағатқа байқау өте жоғары деңгейде, қызықты һәм тартымды өтті.

Жарысқа Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Джан Вэй мырза, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Мәдениет және білім жөніндегі елшісі Ван Цинпин құрметті қонақ ретінде қатыссса, Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы консулдығының атташесі Лин Руй, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Конфуций институтының кеңесшісі Ван Джэн, Қытайдың Алматы қаласындағы Индустрия банкінің Бас директоры Вэй Сяоган, Хайнан Авиакомпаниясы Алматы қаласындағы өкілдігінің Бас директоры Шу Вэй, Қытайдың «Халық газетінің» тілшісі Се Яхун, Қытай Халықаралық радиосының тілшісі Юе Вин Лян, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, опера әншісі, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының доценті Тілеубек Қожанұлы қатарлы белглі тұлғалар және білікті мамандардан құралған топ қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысты.

Байқауды ұйымдастыруға қолдау білдірген Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Джан Вэй мырза өз сөзінде, университет ректоры Нөкетава Динар Жүсіпәліқызына зор алғысын айта келіп, сонымен бірге осындай байқаулардың педагогикалық оқу орнында ұйымдастырылуы тіпті де маңызды екеніндігіне тоқталып өтті. Байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған Қыздар университетінің ұйымдастырушылары мен барша қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді.

Байқауға қатысушылар ІІ кезең бойынша сынға түсті. «Мен және менің мамандығым» деп аталатын І кезеңде байқауға қатысушы презентация жасау арқылы өзін-өзі таныстырды. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату достық қарым-қатынас пен қол жеткізген табыстар жөнінде баяндай отырып, қытай тілін оқытудағы жетістіктерімен қатар, сабақ өтудегі озық тәжірибесін, педагогикалық шеберлігін көрсетті. Ал, «Менің шәкіртім және менің әуестігім» атты ІІкезеңде байқауға қатысушы ән айту, би билеу, халық шығармасы, акробатика, музыка аспапбен шығарма орындау, сызу, каллиграфия, мәнерлеп оқу, қағаз қию, қытайдың шай мәдениеті, у шу өнері қатарлы кез-келген тақырыпта өз өнерін студентімен бірге көрсетті.

Байқау тым жоғары деңгейде өтуімен қатар, өте қызықты өтті. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің оқытушысы Жанар Базартай Бас жүлдені қанжығасына байлады. Халықаралық Қазақ-қытай колледжінің оқытушысы Құлпынай Дүйсенбай І орынды иеленді. Бұл қос орынға арнайы жүлдесімен қоса, сый-сияпат ретінде iPad планшетін тарту етті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің оқытушысы Ержан Керімбаев пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Конфуций институтының оқытушысы Сәуле Сабиғазинаға ІІ орын бұйырды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Фарида Оразақынқызы, Халықаралық Қазақ-қытай тіл колледжінің оқытушысы Алмажан, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы Матай Бұлбұл ІІІ орынға табан тіреді. Халықаралық Қазақ-қытай тіл колледжінің оқытушысы Гүлмира Оразхан, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушылары Пәзілат Тұрсын пен Айгүл Тұрсынақын, KIMEP университетінің оқытушысы Жанар Тоқтарбай, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті лингвистикалық колледжінің оқытушысы Есқат Нұрлан марапатқа лайық болды. ІІ орын мен ІІІ орын және барлық қатысушылар қысқатолқынды пеш сыйға тартылды.

Қазіргі уақыт ағымына байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев тіл саясатына, оның ішінде көптілділікке үлкен мән беруде. Көп тіл білу өркениет көшін алға сүйреп, мәдениеттіліктің биік шыңына шығарары сөзсіз. Бұл білім саласындағы – орта мектептер мен жоғары оқу орындарына, жалпы барша қауым үшін аса маңызды. Ендеше, Қыздар университеті Қытай тілі орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған игі іс-шарасының берері мол болды.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05