Білім алушылардың бас қосуы дәстүрге айналмақ

Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық университетінің ұйымдастыруымен 30 қараша күні Алматы қаласы ЖОО студенттері арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен «Алашшыл жас» студенттердің әдеби-танымдық журналының 5 жылдығына орай «Егеменділік – мәңгілік елдің тұғыры: кеше, бүгін, ертең» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Аталған шараға Алматы қаласының белді университеттерінің жалындаған жастары қатысып, атап айтсақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы, Алматы университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам университеті, Алматы энергетика және байланыс институты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық университетінің студенттері мен магистранттары белсене ат салысты. Сондай-ақ «Алашшыл жас» журналы редакция алқасының Сақыпжамал Әлімтаева, Гүлзат Дәуітәлі, Талшын Солтанбаева сынды 2011 жылғы бірінші мүшелері арнайы шақырумен бізге қонаққа келді.

Дөңгелек үстелді қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Ержанова Сәуле Баймұрзақызы құттықтау сөзімен аша отырып, елім деген жастарға жақсы лебізін білдірді. Көңіл қауызын енді жарып, алдағы күндерден үлкен үміт күткен білім алушыларға «Ізденіс» үйірмесінің жетекшісі, «Алашшыл жас» журналының бас редакторы Әбдіқалық Күнімжан Садырқызы бағыт-бағдар бере отырып, дөңгелек үстелді жүргізіп отырды.

Алдымен Қыздар университетінің ақын қыздары, яғни, Қазақ филология және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті Ұлмекен Лесбек ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, 3-курс студенті Ағабек Құрбангүл 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күніне, 2-курс студенті А.Айдарбекова «Алашшыл жас» журналының 5 жылдық мерейтойына арнау өлеңдерін оқыды. Келген қонақтардың ішінен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті айтыскер ақын Саягүл Бірлесбек өз арнауын домбыраның үнімен дүйім жұртқа тарту етсе, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2-курс студенті Махмұд Қошқарұлы терме, әнімен әрлей түсті. Одан әрі «Алашшыл жас» журналының шығу тарихы жөнінде қысқаша Күнімжан Сәдірқызы тебірене бастап берген соң, үйірменің 2011 жылғы мүшелері, қазіргі магистр-оқытушылар сол журналды алғаш қолжазба түрінде шығарғандығы туралы өздерінің қызықтарымен сыр бөлісті. «Ізденіс» үйірмесі және «Алашшыл жас» журналының арқасында үлкен жетістіктерге жеткендігін де жасырып қалмады.

«Егеменділік – мәңгілік елдің тұғыры: кеше, бүгін, ертең» атты дөңгелек үстелде қатысушылар «Алаш қайраткерлерінің ұлы арманы», «Біз – егеменді қазақ елінің ұланымыз», «Қазақтың мәнгілік ғұмырлы болуына қазіргі және ертеңгі жастардың қосар үлесі» деген тақырыпқа сай жоспар бойынша рет-ретімен сөз сөйлеп, өздерінің ойларын еркін жеткізе отырып, пікір таласқа ұластырды. Дөңгелек үстел барысында тіл мәселесі де тиек етіліп, ана тілін бірінші орынға қойып, ағылшынды жаһандану үшін ғана қажет деп тапқан жастар қызу жарыса талқылады. Бұдан бөлек Тәуелсіздігіміз тұғырлы болу үшін жастардың басты міндеті туралы ойларын ортаға салды. Әртүрлі пікірлер де жоқ емес.

Қорыта айтқанда, Алматы қаласы жоғары оқу орындарының білім алушылары өзара пікір алмасуға ықпал жасайтын мұндай дөңгелек үстелді дәстүрге айналдыруды қажет деп тапты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері ұсынысты қолдай отырып, келесі айналымды өздерінде өткізуді мойнына алды. Шара соңында барлық қатысушыларға сертификат берілді.

Ұлт мүддесін көтеріп, кім тілемес?

Ойласаң бүгінің де бір күнгі елес.

«Алашшыл жас» журналы тұрған кезде

Алашшыл жас болмауы мүмкін емес!

Тәуелсіздігіміз тұғырында нық, тұрақты тұра беруі үшін еліміздің еселеп дамуына адал еңбекпен қызмет ету халқымыздың барша еңселі азаматтарымен қатар, біздердің, яғни алашшыл жастардың, борышы!

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА
«Ізденіс» үйірмесінің мүшесі,
Қазақ филологиясы және әлем тілдері
факультетінің 2-курс студенті