Университет ректоры студенттермен кездесті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 7 желтоқсан күні жылдағы үрдіс бойынша студенттер мен ректор, ректор аппаратындағы қызметкерлер арасында кездесу-жиналысы өтті. Мұндай жиналыстың болу себебі – барлық курс студенттерінің топ басшылары, бірінші курс студенттері және бітіруші түлектердің көкейінде жүрген сұрақтарын жолдап – оған тұщымды жауап алу, түйткілді мәселелерінің түйінін табу болатын.

Жиналыста сөз алған университет басшысы Д. Нөкетаева әуелі барша қауымды ұлық мерекемен құттықтаудан бастады: «Баршаңызды алда келе жатқан ұлттығымызды танытқан, елдігімізді асқақтатқан, мемлекеттігімізді әлем алдында паш еткен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтауға рұхсат етіңіздер! Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына Қыздар университеті өз деңгейінде үлес қосты деп айта аламыз. Алдағы келер 25 жылдық жаңаша көзқарас, жаңа әдістемелер, жаңа идеяларға толы болатынына сенім мол. Тәуелсіздіктің жаңа кезеңі тың жаңалықтар мен сарқылмас күш-жігерге жетелейтіні сөзсіз. Егемендіктің ең ұлық мерекесі баршаңызға тек бақыт пен береке әкелсін! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, барлықтарыңызға мол шығармашылық табыс тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын! Мәңгілік елдің ертеңі жасай берсін! Тәуелсіздік күні құтты болсын!» – деді.

Сондай-ақ, университет ректор білім ордасының барлық салалары бойынша жетістіктері мен студенттердің жеңістеріне тоқталып өтті.

Содан кейін Жастар саясатын дамыту бөлімінің бастығы Н. Қайдаулова студенттер мен жатақхана өміріне шолу жасай келіп, «Студент атанған жастардың ең басты мақсаты сапалы білім алып, білікті де білімді маман болу. Ол үшін қыздар университетінде барлық жағдай жасалған. Атап өтетін болсақ, біздің студенттер заманауи жатақханалармен, ақпараттық технологиялармен, кітап қоры бай кітапханамен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, студенттеріміздің қоғамдық өмірге белсене атсалысып, университетіміздегі жастар мен студенттердің өзін-өзі басқаруын жан-жақты дамыту үшін бірнеше жастар ұйымдары өз қызметін атқарып жатыр. Олар: Жастар ісі жөніндегі комитеті, Республикалық «Қыз Жібек» клубы, Жоғары студенттер кеңесі, «Парасатты нағыз лидерлер одағы» пікір сайыс клубы, «Жан жылуы» еріктілер клубы, «Жас Отан» жастар қанаты, Кіші ғылым академиясы, «Энактус» жас кәсіпкерлер ұйымы, Қазақстан студенттер Альянсы және факультеттерде ғылыми-тәрбиелік үйірмелер жұмыс істейді», – деп, мазмұнды баяндама жасады. Сонымен бірге Нұргүл Қайдаулова студенттер арасында университетке бейімделу деңгейлерін, хал-ахуалдарын және Жоғары студенттер кеңесі ұйымының жұмыс нәтижелігін білу үшін студенттер арасында электронды түрде, surveymonkey программасы бойынша, Whatsapp әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіп, соның қорытындысын тілге тиек етті.

Өз кезегінде Ректор аппаратының жетекшісінің орынбасары М. Ізбасар жұмысқа орналастыруды заңдық тұрғыда қалай болатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. «Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге міндетті», – дей отыра Мейрамбек Ізбасар студенттер тарапынан туындаған түрлі сұрақтарға жауап берді.

Осындай маңызды баяндамалармен бірге университеттің Оқу ісі жөніндегі проректор Ә. Тойбаев студенттердің білім сапасын, ондағы жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталып, студенттерге басты назарды білімге аударуды, көп білуге ұмтылуды ескертті. Алдағы жылы маусым айында студенттерге арналған «ағылшын тілі курсы» ашылатындығы туралы жақсы жаңалығымен бөлісті.

Жалпы, университет басшылығымен жиналыста студенттер оқу ақысына, жатақхана мәселесіне, компьютерлік орталықтар турасында сауалдар қойды. Университетет зертханаларындағы кейбір құрылғылардың мен тақталардың жоқтығын әрі жаңалап беруін өтінді.

Студенттер тарапынан болған сұрақтарға да тұщымды жауап беріліп, ұсыныстар өз дәрежесінде ескерілді.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05