Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Арулар ордасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті

Бүгін Қыздар университетінде ел егемендігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – баға жетпес байлығым» атты мерекелік кеш өтті.

Ең қасиетті, ең құнды мерекеге арналған салтанатты шараны оқу орынның ректоры Динар Нөкетаева ашып, барша университет ұжымы мен студенттерін айтулы мерекемен құттықтап, ең үздік қызметкерлер мен ұстаздарды Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Оқу орын басшысы алғы құттықтау сөзінде: «Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз дербес мемлекет ретінде әлемге танылған 25 жыл ішінде қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзінің ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлеріне қайтып оралды, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұштастыруға құлаш ұрды. Ұлы Дала төсінда жатқан ұлттың іргесі берік, санасы сақ, даму ерек болуы – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты екеніне дау жоқ. Ұлт Көшбасшысының кемеңгер стратегиясы, алысты болжай білетін сәуегей саясаты, Ұлы Дала алыптарымен үндесіп жатқан қайраткерлігі – қайраңда қалып қойғандай күй кешкен Қазақстанды даму көкжиегіне алып шыққанына бәріміз куәміз. Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың рухы мен жаны. Сондықтан, Тәуелсіздік – Ұлы Дала төскейінде өткен тарихымыздағы талай-талай тұлғалардың тоғысқан армандары. Біз үшін оның құны ешқашан төмендемек емес. Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық, оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтау әр қазақстандықтың басты парызы болуы тиіс», деді. Алғы сөзінді оқу орын ректоры сонымен қатар, Қыздар университетінің 25 жылдағы жетістігі мен қосқан үлесін атап өтті.

Қасиетті қара шаңырақта сән-салтанатымен атап өтілген кеште Қыздар университетінің ән-би ансамблі, халық аспаптар оркестрі, өнерпаз студенттері мен сегіз қырлы бір сырлы оқытушылары өнер көрсетті.

Салтанатты кеш шымылдығы ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Жалғасбек Бегендіковтың жетекшілігімен университет жанынан құрылған «Ұлар» ансамблінің орындауындағы Н.Тілендиевтің «Жекпе-жек» және Құрманғазының «Балбырауын» күйімен күмбірлете ашылды. Өнер және медениет факультеті ұстаздарынан құралған дәстүрлі әншілердің орындауындағы «Тәуелсіздкке арнау» жыр шашуы кеш көркін одан әрі қыздыра түсті. Қазақстанға ғана емес шетелге де танымал «Томирис» ансамблі айтулы мерекеге орай жаңадан қойылған «Ер Тұран» биі мен «Балбырауын» биін көрермен назарына тұңғыш рет ұсынып, үлкен қошеметке ие болды. Оқу орынның жетігеншілер ансамблінің орындауындағы «Халық әндерінен попурри», қобызшылар мен «Музыкалық білім» мамандығының 3 курс студенттерінен құралған Қасықтар ансамблі кеш ажарын аша түсті. Көпшілік көрермен әсіресе, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегеновадай әсем дауыста «Қазақ вальсі» әнін нақышына келтіріп орындаған 1 курс студенті Қазиева Мөлдірдің әсем дауысы мен «Қазағым» әнін әуелете шырқаған Ләззат Ақмурзаеваның өнеріне тәнті болды. Оқу орынның қызметкері, шет елден көшіп келген қандасымыз Ырғынбек Меденұлының әні мен сөзіне жазылған «Қазақ елі мақтаным» атты әнін көпшілік ыстық ықыласпен қабылдады. Оны Ырғынбек Меденұлы жұбайы Бақытнұрмен бірге орындап, мерекеге орай тарту жасады.

Мерекелік концерттік бағдарламада «Когда весна придет незнаю», «Туған жер», «Қазақ қызы», «Алматым», «Қазақ елі мақтанышым», «Қазақстан Нұрсұлтан», «Қазақ елі осындай» сынды туған ел, туған жер, Отанға арналған патриоттық әндер шырқалып, егемен еліміздің жетістіктері ән мен жырға қосылды. Әсем ән мен бимен өрілген кеште сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктер туралы бейнебаяндар, «Өнер жастан» театрының «Мен қазақпын!» атты сахналық тарихи қойылымы, түрлі әдебиет үйірмелері студенттерінің дайындауындағы поэзиялық қойылымдар көрсетілді. Тәуелсіз елдің жастары елімізге белгілі ақындардың тәуелсіздікке арналған жырларын ғана емес, өз шығармаларынан ел егемендігінің 25 жылдығына арнайы шығарған арнау өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Кеш соңы елімізге әйгілі «Айгүл» ансамблінің орындауындағы «Өз елім» әнімен және Нұрсұлтан Назарбаевтің сөзіне жазылған «Қазағымның қанаты» атты әнімен аяқталды.

Бұл шара басқа шарадан өзгерек болды. Өйткені, бұл кеш еліміздің ең ұлық мерекесі – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Сәні мен салтанаты үйлескен салтанатты шара бағдарламасы соған сай жоғары деңгейде атап өтілді. Концерт үш сағаттан аса уақытқа созылды. Еліміздің еңсе тіктеуіне үлкен үлес қосып келе жатқан ғалымдар мен ұстаздардың қатысуымен өткен салтанатты кеш көптің көңілін көкке көтеріп, барша қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Мемлекеттің ең құнды, ең қастерлі, ең асыл мұрасы – ұлы Тәуелсіздік. Егемен ел болғанымызға биыл ширек ғасыр уақыт болды. Егемендіктің арқасында халқымыз-тыныштықта, Отанымыз еркіндікте. Аз ғана жылда еңсемізді тіктеп, Астана шаһарын тұрғызды. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың басқаруындағы «Қазақстан» атты алып кеме әлемдік жаһандануда ғасырға бергісіз тарихи кезеңді бастан кешірді. Шекарамыз бекіп, елдің бірлігі артып, берекесі кірді. Ең бастысы, түндеріміз-бейбіт, күндеріміз нұрлы. Халық үшін бұдан артық бақыт бар ма? Ендігі арман-тілек тәуелсіздіктің тұғырын биіктете түсу, еліміздің гүлденіп, дамуына аянбай үлес қосу», дейді оқу орын ұжымы.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05