Гүлім Садырбек Ж.Нәжімеденов атындағы байқаудың Бас жүлдегері атанды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 4 курс студенті Гүлім Садырбек Атырау қаласында өткен республикалық Ж.Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауының Бас жүлдегері атанды.

Желтоқсан айының 8-і күні Атырау қаласында республикалық Ж.Нәжімеденов атындағы көркемсөз шеберлерінің байқауы болып өтті. Аталмыш сайысқа еліміздің әр облысынан он жеті үміткер қатысып, өз бақтарын сынады. Байқау шарты бойынша әрбір қатысушы ақынның бір өлеңі мен прозасынан үзінді оқу бойынша сынға түсті. Қыздар университетінің студенті Гүлім Садырбек қос кезеңде де жоғары ұпай жинап, Бас бейгені жеңіп алды. Оқу орын атынан және Алматы қаласы атынан барған Гүлім Садырбек Бас жүлдемен қатар, 300 мың ақшалай сыйлықтың иегері атанды.

Республикалық байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауы мен сахналық киім сәніне баса назар аударған.

Бұл Гүлімнің алғашқы жеңісі ғана емес, ол әрдайым оқуда да, түрлі байқауларда да үздіктер қатарынан табылатын студенттеріміздің бірі. Оның бұған дейінгі жеңістерін айтпағанда, жаңа оқу жылынан бастап екі бірдей байқаудың жеңімпазы атанған болатын. Нақты айтқанда, қыркүйектің бірінші жұлдызында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы мерекесіне орай ұйымдастырылған университетаралық «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы: мәңгілік ел биігі» атты тақырыпта эссе жазу байқауында 1-ші орынды иеленсе, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тарихқа тағзым» атты көркемсөз оқу шеберлері байқауында Қайрат Рысқұлбеков атындағы Бас жүлдені жеңіп алған еді.

Оқ бойы озық тұратын, ізденімпаз, ақылына көркі сай, қолына қалам мен ақ парақты серік еткен «Студенттік медиа клубтың» мүшесі, «Қыз Жібек» газетінің жас тілшісі Гүлім Садырбекке алдағы уақытта әрдайым осындай биік белестерден көрінуге тілектестік білдіріп, мол шығармашылық табыс, таусылмас шабыт тілейміз!

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05