«Жыл студенті – 2016» байқауы өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Жастар саясатын дамыту бөлімі, «Қазақстан студенттер альянсы» ұйымы, «Парасатты нағыз лидерлер одағы» пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен «Жыл студенті – 2016» атты студенттер арасында байқау өтті.

«Жыл студенті – 2016» байқауының бүгінгі болып отырған финалына өз факультетінің белсендісі, алғыры, жүзден жүйрігі, яғни үздіктері сайысқа түсіп отыр. Бұл студенттер факультеттер арасынан үздік шығып, арнайы құрылған тесттік сұрақтарға жауап беріп, ең үлкен балға ие болғандар.

Байқаудың шымылдығын ашқан Әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры З. Сабырова: «Бұл байқаудың мақсаты – нағыз білімді, талантты, дарынды студенттерді анықтау. Біліммен қоса, студент-жастар жан-жақты қабілетті болу қажет. Жас кезінде, университет қабырғасында оқып жүргенде, көп нәрсені үйреніп, одан мол тәлім-тәрбие алу керек. Мұндай игі шаралардың барлығы студенттер қажетіне орай ұйымдастырылып отыр. Ең басты қағида университетте екі есе оқу керек, адам өзін-өзі сан мәрте дамыту керек, тұлға болып қалыптасу үшін аянбай тырысу керек», – деп жүрегі алып-ұшқан студенттердің қанатын қатайтты.

Аталмыш байқауға алты факультеттен бір студенттен алты студент қатысты. Атап айтар болсақ, Педагогика және психология факультетінің 2 курс студенті Дина Матниязова, Филология факультетінің 3 курс студенті Айнұр Өтеуова, Өнер және мәдениет факультетінің 3 курс студенті Меруерт Құрақбай, Жаратылыстану факультетінің 2 курс студенті Айнұр Шекербек; Физика-математика факультетінің 2 курс студенті Балнұр Егенова, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 3 курс студенті Мейірімгүл Орахова сынды әртүрлі шаралардың жеңімпазы, жүзден жүйрік боп суырылып шыққан жеңімпаз қыздар қатысып, бақ сынасты.

Байқау бес кезеңнен тұрды: әуелі өзін-өзі таныстыру, яғни бейнебаян арқылы; екінші кезең – печа-куча, 20 беттік презентацияны түсіндіріп баяндау; үшінші – «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбында эссе жазу; төртінші – «Өнерілі өрге жүзер» атты жанкүйерлер сайысында өз факультетінің намысын қорғауға шыққан студентке қолдау көрсетіп өнерлерін ортаға салу; бесінші – «Зерділінің ойы озық» khoot программасы арқылы онлайн сұрақтарға жауап беру.

Осындай салмақты байқауды таразыға тартып, әділ бағасын берген әділқазы алқалары Әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректор З. Сабырова, Бас ғалым хатшысы Н. Сәндібаева, Кәсіподақ ұйымының төрайымы Р. Бегайдарова, Ғылым және халықралық байланыстар басқармасының бастығы Г. Байташева, Экономика және қаржы департаментінің директоры, бас бухгалтер Г. Нұрсеитова, тіркеуші-кеңсе бөлімінің басшысы Д. Жарықбаева, «Ұлағат» бастауыш партиясының төрайымы М. Ахтаева болды.

Сайыс болғаннан кейін әрине, біреудің бағы шабады, біреудің бабы шабады, оқ бойы озып шығып, өз қабілетін көрсеткен үздіктер болды.

«Жыл студенті – 2016» байқауының жеңімпазы Әлеуметтік-гуманитралық факультетініңстуденті Мейірімгүл Орахова болды. Ал, «Үздік жанкүйерлік топ» физика-математика факультеті бола білді. Сонымен қатар,

«Эрудит – 2016» жүлдесін Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті А. Өтеуова иеленсе, «Үздік креативті студент» аталымын Жаратылыстану факультетінің студенті А. Шекербекке бұйырды. «Оратор – 2016» аталымын Педагогика және психология факультетінің студенті Д. Матниязова, «Үздік жоба – 2016» аталымын физика-математика факультетінің студенті Б. Егенова, «Новатор – 2016» аталымын Өнер және мәдениет факультетінің студенті М. Құрақбай иеленді.

Бұл байқауға демеушілік жасаған демеушілер – «T-Dao» ағылшын және қытай тілі курстарынан Талаптанов Ермек, «Okey prodaction» Актерлік шеберлік және хореография курстары Таменов Адлет, Кофе «coffebakeralmaty» Сүлейменова Лағын, «EVRIKUM» ғажайыптар әлемі.

Университет қабырғасында өтетін игі шаралардың студенттер қауымына берер тәлім-тәрбиесі мол. Білім де, өнер де, түрлі қабілеттер сынға салынып, жастар өз-өзін шыңдай түсетіні сөзсіз.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05