Тәуелсіздік құрдастары партия қатарына қабылданды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты қасиетті қара шаңырақтағы егемендік құрдастарын партия қатарына қабылдау салтанатты жиыны өтті.

«Нұр Отан» партиясы Қыздар университеті жанындағы Алмалы аудандық «Ұлағат» бастауыш партия ұйымы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай оқу орынның тәуелсіздік құрдастары болып табылатын, егемендіктің ақ таңымен 1991 жылы дүниеге келген, еліміздің, оқу орнымыздың дамуына өз үлестерін қосып, қызмет жасап жүрген үздік 18 қызметкерді «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылдап, мүшелік куәліктерді табыстады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен университетіміздің ректоры, Алматы қалалық Маслихат депутаты, «Ұлағат» бастауыш партия ұйымының төрайымы Динар Жүсіпәліқызының атынан құттықтап, куәліктер мен алғыс хаттарды табыстаған университтетің Бас халым хатшысы Назира Сәндібаева оқу орынның дамуына ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан жастарға мол табыс тілеп, «Нұр Отан» партиясының жобаларын жүзеге асыруда өз тәжірибелеріңіз бен білім-біліктіліктеріңізді партияның дамуы жолында аянбай еңбек етесіздер деп сенім білдіремін», – деді.

Шара барысында партия мүшелігіне қабылданған жастар: «Біз университетіміздің партия мүшелері, Елбасының салиқалы саясатын қолдай отырып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ете бермекпіз», – деді.

Ел егемендігін алған жылы ғана емес, дәл тәуелсіздік алған 16 желтоқсан күні дүниеге келген Жастар саясаты бөлімінің қызметкері Айнара Нұрғожаева: «Біз бақытты ұрпақпыз. Ата-бабамыз қаншама жыл аңсаған Тәуелсіздік күні дүниеге келдім. Екі есе бақыттымын. Ел дамуы мен гүлденуіне аянбай еңбек етіп, бәріміз біріге атсалыссақ Мәңгілік қазақ елін бірге жасай аламыз. Құрдастарыма тәуелсіздігімізді бағалайық, құндылығын түсінейік дегім келеді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болсын! Көк байрағымыз мәңгіге желбірей бірсін!», – деді. Рәсім соңында салтанатты шараға қатысқан оқытушылар жастарды «Нұр Отан» партиясы қатарына қабылдануымен және айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды ізгі тілектерін білдірді. «Ұлағат» бастауыш партия ұйымының бір жылдық жұмысының есебі беріліп, арнайы бейнеролик көрсетілді.

Қазіргі таңда университеттің 1250 қызметкері «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне қабылданған. Оның 180-ін ұстаздар қауымы, 870-ін студенттер, 51-ін зейнеткерлер құраса, қалған 15%-ын бала күтімі бойынша демалыстағы қызметкерлер құрайды. Партия ұйымындағы ұстаздар мен қызметкерлер, студенттер қауымы бірқатар жұмыстарға белсенділік танытып, партиялық жобаларды жүзеге асырып, еліміздің саяси жұмыстарына өз үлестерін қосып келеді. Партияға қарасты университет студенттерінен құралған «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының жас мүшелері де белсенді жұмыс жасауда.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы Қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы болып отырған көшбасшы партия. «Нұр Отан» партиясы алғашқы құрылған күннен тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы болып келеді. Әрі партия елмен етене қайнасып, халықтың мүддесін жеткізіп жүрген бірден-бір қоғамдық ұйым. Партияның сайлауалды тұғырнамасы аз уақыттың ішінде айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Бүгінгі күні партия алдына қойған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін 9 партиялық жобаны қолға алған. Бұлардың барлығы да халықтың көкейінде жүрген әлеуметтік маңызы бар жобалар. Мысалы, «Біздің ауыл», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты балалық шақ», «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам», «Жемқорлықсыз ел – нүлденген ел», «Жастар – Отанға», «Ұлы Дала елі», «Жастар кадрлық резерві» атты жастарды қолдайтын ауқымды шаралармен қатар, кәсіпкерлерді қолдауға арналған кешенді жұмыстар жобасы жүзеге асырылуда.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05