Ректор «Парасат» орденін иеленді

Университет ректоры Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева ҚР Президентінің Жарлығымен «Парасат» орденін иеленді. Бұл марапат – республикамыздың рухани және интеллектуалдық әлеуетін дамыту мен молайтуға зор үлес қосқаны үшін беріліп отыр.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елордамыздан сүйінші хабар жетті. Ел дамуына еңбегі сіңген тұлғаларды марапаттау кезінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева республика руханияты мен біліктілік әлеуетін көтерудегі қызметі үшін «Парасат» орденімен наградталды. Бұл атаққа баламасыз Арулар ордасының басшысы Динар Нөкетаева білім-ғылым саласындағы елеулі еңбегі үшін лайық деп табылды. Ректорымызға награданы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова табыс етті.

Марапаттау салтанатты жиынында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова: «Ізгі дәстүр бойынша жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуына еңбегін сіңірген Қазақстан азаматтарының елеулі тобын мемлекеттік наградалармен марапаттайды. Биыл еліміздің мәртебелі мерейлі белесінде Елбасының Жарлығымен 2710 адам жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. Бұл ел Президентінің Қазақстан азаматтарының, оның ішінде сіздердің Тәуелсіздікті нығайтудағы еңселі еңбектеріңізге берген елеулі бағасы деп қабылдауымыз керек», – деді.

Қыздар университетіне басшы болып келгелі оның оқу-ғылым үдерісі мен тәрбие тұжырымына тың дүниелерді енгізіп, студенттер игілігіне жұмыс істейтін көптеген құрылыс нысандарын салған Д.Нөкетаева «Әуелі, Тәуелсіздігіміз баянды болсын дегім келеді. Осы жақсылықтың бәрі – ата-баба аңсаған Тәуелсіздігіміздің арқасы екені анық. Ең бастысы, бұл жетістік тек менің жетістігім емес, күллі Қыздар университеті ұжымы мен студенттерінің жетістігі деп ойлаймын», – дейді.

Динар Жүсіпәліқызын мемлекеттік деңгейдегі жоғары мәртебелі марапатпен «Қыздар университеті» медиа орталығы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттерінің атынан құттықтайды!

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 279 38 05