Қыздар университетінің ұстаздары «ЖОО үздіктері» атанды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті үшін Жаңа жыл өте жағымды жаңалықпен басталды.

Қасиетті қара шаңырақта ұзақ жылдан бері қызмет жасап, бар ғұмырын ұстаздық етуге арнап, отандық білім мен ғылым саласына орасан зор еңбек сіңіріп келе жатқан жеті бірдей ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағымен марапатталды. Атап айтқанда, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұстазы, ф.ғ.к., профессор м.а. Әділбекова Ләззат Махайқызы, Физика-математика факультетінің профессоры Жамалов Әжімұқан Жамалұлы, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің қауымдастырылған профессор м.а. ф.ғ.к. Оданова Сағира Амангелдіқызы, Физика-математика факультетінің ф-м.ғ.к. профессор м.а. Бакирова Эльмира Айнабекқызы, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің қауымдастырылған профессоры м.а. Қырықбаева Сара Мұқашқызы, Өнер және мәдениет факультетінің профессор м.а., п.ғ.к. Оразалиева Мөлдір Аббасқызы, Педагогика және психология факультетінің профессор м.а., п.ғ.д. Мұратбаева Гүлнар Абылқасымқызы «ЖОО үздік оқытушысы» атанды.

Өткен оқу жылында айтулы марапатпен оқу орынның 3 ұстазы: Педагогика және психология факультетінің қауымдастырылған профессоры м.а. Қоңырбаева Сараш Сахиқызы, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұстаздары Жанұзақова Құралай Тімірбеқызы мен Әбдіқалық Күнімжан Сәдірқызы марапатталған болатын. Биыл үздік ұстаздар қатарының саны артып, оқу орынның абыройы өсе түсті.

Ұстаздар жетістігімен қатар, жылдан жылға университеттің де қуанышы еселенуде. 2015 жылы Қыздар университеті Ұлттық бизнес рейтингтің халықаралық рейтинг одағының шешімімен «Сала көшбасшысы – 2015» сертификатымен және «Сала көшбасшысы – 2015» қабырға медалімен марапатталса, 2016 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті QS Stars University Ratings халықаралық рейтингісі бойынша «3 жұлдыз» иеленген тұңғыш педагогикалық жоғарғы оқу орны атанды. Ал, білім ошағының ректоры Д.Ж.Нөкетаева Жаңа жыл қарсаңында республика руханияты мен біліктілік әлеуетін көтерудегі қызметі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Қазіргі таңда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық ЖОО ішінде алғашқы орындарды иеленген ең үздік университет болып табылады. Еуропалық білім беру жүйесіне қарай бой түзеген көшбасшы университетте үш деңгейлі мамандар дайындау жүйесі толығымен енгізілген. Бүгінде университет қос дипломды бағдарламалар бойынша білім алуға қол жеткізіп, LAMS (Ұлыбритания) және Миссисипи (АҚШ) атты әлемдік университеттермен қосдипломдық бағдарламаны жүзеге асыруда. Университет қабырғасында бүгінгі күні 700-ге жуық сапалы оқытушы-профессорлар құрамы жұмыс істейді. Қыздар университеті республикамызда ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдері арасында тек аруларға арналған бірден-бір жалғыз жоғары білім ордасы. Қара шаңырақта қазіргі таңда 8500-ге жуық студент білім алып жатыр.

Ұстаздықтың ауыр жүгін арқалап, бар қажыр-қайратын елдің ертеңі үшін жұмсап, ұлт тәрбиешілерін дайындауға, отандық білім мен ғылым саласының дамуына қалтқысыз қызмет жасап жүрген ұстаздар қауымының ерен еңбегі қашанда ұшан-теңіз. Қыздар университеті ұжымы атынан марапат иелерін еңбектерінің жемісімен құттықтай отыра, дендеріне саулық, отбасыларына бақыт, қызметтеріне толағай табыс тілейміз!

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 279 38 05