Қыздар университетінің студенттері Үндеуді қолдайды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің жастары мен студенттері 26 қаңтар күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған үндеуін талдап, талқылап, оған бір кісідей қолдау танытты.

Студенттер басқосуын ашқан белсенді жастардың өкілі, PhD докторанты М.Ахтаева «Бүгінгі белсенді жастармен кездесу өте өзекті тақырыпта өтіп отыр. Елбасының халыққа жолдаған үндеуі – еліміз үшін тарихи оқиғаның бірі әрі Мемлекет басшысының сарабдал саясатының тағы бір дəлелі. Арнайы үндеуді тыңдай келе, бұл мəлімдемеде айқындалған өзгерістер – жай ғана өзгерістер емес екендігіне көз жеткіздік. Жаңалық жаңаруда ғана емес, конституциялық жолмен еліміздің саяси жүйесіне өзгерістер енгізілуінде жатыр. Бұл ел дамуындағы саяси маңызды қадам екені анық», – дейді.

Ал Жастар саясатын дамыту бөлімінің бастығы Н. Қайдауылова: «Соңғы жаңа бастама жаңалықтардың бірі де, бірегейі – Елбасы жоғары биліктің өкілеттігін қайта тағайындау туралы үндеуін, біз жастар, қолдаймыз! Үндеуде Президенттің міндетіне тиесілі қабылданатын шешімдердің біразы қысқаратылатын болды. Бұл құзыреттер әрі қарай Үкімет пен Парламентке берілмек. Яғни, алдағы уақытта Парламенттің құзыреті күшейтіледі. Президент Назарбаев ұсынған саяси реформа бағдарламасы ел дамуының жаңа бағытын көздеп отыр. Бұл мемлекеттің мүддесін ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды реформа. Біріншіден, ол мемлекет ұстанып отырған бағыттың тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму мақсаттарына сай келеді. Екіншіден, бұл бастама Қазақстанның әлемде болып жатқан өзгерістерге бейімделуіне сеп болады. Үшіншіден, құзыретті қайта бөлу биліктің барлық тармақтары атқаратын жұмыстың тиімділігін арттырады», – дей отырып, студент жастардың атынан баяндама жасады.

Сонымен қатар, университетіміздің белсенді жастары өз ойларын ортаға салды. Атап айтар болсақ, Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Назерке Тұрлығазиева, «Қыз Жібек» клубының төрайымы Қазына Яхудаева үндеуге қатысты өз ұтымды ойларын білдірді.

Барша жиынға жиналған студенттер де қалыс қалмай, үндеу жөнінде өз пікірлерін жеткізіп, еліміздің патриот азаматтары ретінде бір ауыздан қолдайтындықтарын айтты. Сондай-ақ, күллі жастар қауымы бұл үндеуді бұқаралық ақпарат құралдарынан оқығандарын қарағандарын саралап, ой толғады. Әлеуметтік желілер арқылы да жастар, дүйім жұртшылықтың үн қосып жатқанын, «Фейсбук», «Вконтакте», «Инстаграмда» белсенділік танытып жүргендерін тілге тиек етті.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05