Тұрсын Аян Универсиада алауын алып жүрді

Универсиада-2017 эстафета алауын алып жүру рәсіміне Қыздар университетінің студенті, таэквандодан бес дүркін Қазақстан чемпионы, ушу-сандадан екі дүркін ел чемпионы, жекпе-жектен Қазақстан чемпионы Тұрсын Аян қатысты. Ушу-сандадан, таэквондодан және жекпе-жектен спорт шебері Универсиада алауын абыроймен алып өтті.

Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 алауын алып жүру құрметіне 100 әр саланың майталмандары, танымал спорт шеберлері, қоғам қайраткерлері мен қаланың құрметті тұрғындары ие болды. Факел ұстаушылардың қатарында олимипаданың күміс жүлдегері Елена Хрусталева, әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай, белгілі волейболшы Сабина Алтынбекова, танымал әншілер Қайрат Нұртас пен Әли Оқапов және т.б. белгілі алматылықтар болды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен басталған эстафета алауын алғашқы болып Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек алып жүрді. Қала басшысы эстафетаны суға жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге табыстады. Алау алып жүрушілердің әрқайсысы 130-дан 200 метрге дейінгі дистанцияны жүріп өтті.

Ашылу рәсімінде қала басшысы Қазақстан ТМД елдерінің арасынан алғашқы болып Универсиаданы қабылдап отырған ел екенін атап өтті.

– Болашақ ұрпақтың білімді, рухты және тәні сау болып өсуі әрқашанда мемлекеттің назарында. Универсиаданың Алматы қаласында өтуі кездейсоқ емес. Қаламыздың үштен бірі жастар. Еліміз бойынша жоғары оқу орындары көп шоғырланған қала. Яғни 38 университетте еліміздің әрбір үшінші студенті білім алады,- деді қала әкімі Б.Байбек.

Эстафета алауының бағыты Алматы қаласының орталық көшелерінің бойымен өтті. Қыздар университетінің студенті, Тұрсын Аян Универсиада Алауын Гоголь көшесінің бойымен алып жүрді. Оны қолдауға оқу орынның барша студенттерімен қатар, ұстаздар мен қызметкерлер де келді. Оқу орынның ректоры Динар Нөкетаева да арнайы келіп, қолдауын білдіріп, сәттілік тіледі.

Эстафета жолында алау ұстау құрметіне ие болған Тұрсын Аян: «Мен 4 сыныптан бастап спортпен айналысып келемін. Спорт менің өмірлік серігім. Тұңғыш рет елімізде өткізіліп отырған Универсиадада еліміздің белгілі тұлғалары мен мықты спортшылардың қатарында Алауды алып жүру мен үшін үлкен мәртебе. Өте қуаныштымын. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», деді.

Қыздар университетінің 1 курс студенті Тұрсын Аян қазіргі таңда «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда. Ол 1994 жылы 23 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген.

Универсиада Алауы төрт сағат ішінде мегаполистің ең әсем көрікті жерлерімен өтіп, ірі спорт нысандары: «Шымбұлақта», «Медеуде», Б.Шолақ атындағы спорт сарайында, білім орталықтарында болып, «Алматы Арена» стадионында мәреге жетті. Онда Қазақстанның 16 өңірінен әкелінген алаулар 28-ші қысқы ойындардың ашылуына арналған Салтанатты шарада тайқазанда бірге жағылатын болады. Универсиада Алауы 22,5 мың километр жер жүріп, Қазақстанның барлық өңірлерінде болды.

Айта кетейік, әлемдік доданың ашылу рәсіміне Қыздар университетінің 100-ден аса белсенді студенттері қатысып, қолдау көрсететін болады. Универсиаданың еріктілер тобында оқу орынның көптеген студенттері де бар.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05