Мария жарыс жолында!

Алматыда 28-Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары басталып та кетті. Бүгін Шымбұлақта Қыздар университетінің студенті, тау шаңғысы спортының шебері, Қазақстан чемпионы Мария Григорова жарыс жолына шықты.

Педагогика және психология факультетінің Денешынықтыру және спорт мамандығының ІІ курс студенті бақ сынысатын сайысқа Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева бастаған ұжым тобы мен студенттері қатысып, Марияға қолдау білдірді.

«Бүгін біз Шымбұлаққа Универсиадаға үкілеп қосқан студенттіміз Мария Григорованы қолдау үшін арнайы келдік. Жанкүйер болуға міне, ұстаздары да, оқу орын студенттері де келіп отыр. Біз Марияға және барша ел намысын қорғайтын қазақстандық спортшыларға сәттілік тілейміз!», деді ҚазМемҚызПУ ректоры Д.Нөкетаева.

Қазақстан қоржынына алғашқы медальдар да түсуде. Универсиаданың екінші күні спортшыларымыз сәтті өнер көрсетіп, командалық фристайлдың микст түрінен Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек алтыннан алқа тақты. Кеше, 30 қаңтар күні Қазақстан құрамасының қоржыны бір күнде бірден үш медальмен (бір күміс, екі қола) толықса, бүгін Медеу мұз айдынында өткен конькимен жүгіру сайысында Қыздар арасындағы 1500 метр қашықтыққа жүгіру жекелей сынында Екатерина Айдова қола медаль алды. Айта кетейік, тау шаңғы спорты бойынша Универсиадада Мария Григоровамен бірге ел намысын Мартин Хубер, Сергей Данов, Захар Кучин, Александр Костров, Алексей Сысоев, Екатерина Карпова қорғауда.

Дүбірлі жарыстар спорттың 12 түрі бойынша «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, «Алматы-Арена» (12000 көрерменге арналған мұз сарайы), «Халық-Арена» (3000 көрерменге арналған мұз аренасы) нысандарында өтуде.

Денешынықтыру және спорт мамандығының ІІ курс студенті Мария Григорова №76 мектептің түлегі. 1996 жылы 4 наурызда Алматыда дүниеге келген. 1 сыныптан бастап шаңғы спортымен айналысады. Алғашқы жаттықтырушысы Савченко Павел Михайлович. М.Григорова Италия, Австрия, Корея, Иран, Қытай елдерінде өткен халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 2014, 2015, 2016 жж. Қазақстан Республикасының чемпионы, ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі.

Ауа-райы қолайсыздығына байланысты Мария үшін бүгінгі күн ауыр болды. Дегенмен, бестікке енді. Оның негізгі бағдарламалары әлі алдыда. Ол 3, 5, 6 ақпан күндері жарыс жолына шығып, гигант, слалом, паралельді слалом түрлері бойынша сайысқа түседі. Сондықтан, Марияның алар асуы әлі алдыда деп білеміз. Барша спортшыларға және Марияға сәттілік серік болсын деп тілейміз!

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05