Педагогика және психология факультеті Жолдауға қолдау көрсетті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Педагогика және психология факультетінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын түсіндіру, насихаттау және жүзеге асыру мақсатында басқосу болып өтті.

Жиынды факультет деканы, п.ғ.д., профессор С. Жиенбаева ашып, Жолдауды ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен жас ғалымдарға түсіндіре отырып, «Қазақстанның даму жолы мен жетістікке жетудің жолын біріктірген құжат» атты тақырыпта мазмұнды баяндама жасады.

Жалпы педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор м.а. Г. Мұратбаева өзінің «Болашақ педагог мамандарын даярлауда ғылыми-инновациялық қызметті күшейту – маңызды міндет» атты тақырыпта баяндамасында Жолдаудағы білім саласына кеңінен тоқталып өтті.

«Еліміздің өркендеуінде жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесі де маңызды басымдықтардың бірі екендігі аталды. Ол үшін жаңа индустрия құруды жоспарлап, оны әрі қарай дамыту, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және азаматтардың нақты табысын өсіру мәселелерінің шешімдерін іздестіру қажеттілігі сөз болды.

Білім беру саласы мамандарын даярлауда ғылым-білімнің әлемдік бәсегеге қабілеттілігін арттыру мәселесі басты назарда болуы тиіс. Осы тұста Қазақстанның әлемдік білім-ғылым қауымдастығына енуі маңыздылығы педагогика ғылымындағы озық тәжірибелерді тарату арқылы кәсіби білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік жасалады» , – деді педагог-ғалым Г. Әбілқасымқызы.

Сонымен қатар жаңа 2017 жылғы Жолдау аясында Арнайы және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., доцент Ғ. Абаева, Теориялық және практикалық кафедрасының доценті, пс.ғ.к. Қ.Шайжанова, Денешынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы Д. Төлебаев баяндама жасап, өз ой-пікірлерін білдірді. Тақырыпқа орай қойылған сұрақтарға жауап берді.

Педагог-ғалымдар Жолдауды жіті талдап, ондағы басты талап-міндеттерді жүзеге асыра отырып, білім алушы қауымға жеткізу жолында жұмыс істеу керектігін дәлелдеді. Сол бағытта жұмыс істеуге бағыт-бағдар алды.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05