Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Мәжіліс вице-спикері Қыздар университетінде

Бүгін Қыздар университетінде ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Исимбаева Гүлмира Истайбекқызының қатысуымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында кездесу өтті.

Шараға университеттің оқытушы-профессор құрамы мен студенттер қауымы қатысты. Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған жиынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева ашып, жүргізіп отырды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жетістіктерге бастайтын, сондай-ақ дұрыстығын уақыт таразысында көрсете алатын стратегиялық құжат болып табылатын биылғы Жолдауы әрбір қазақстандыққа осы берекелі, бірлікшіл тұрмысымызды сақтап, саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекіте түсуді міндеттейді. Елбасы Жолдауы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетіп, жетістіктерімізді нақтылай түсті, – деген Динар Нөкетаева университет ұжымының Жолдауды талқылап, оған қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдіріп жатқандығын айтты.

Негізгі сөзді алып, үлкен баяндама жасаған Парламент Мәжілісінің вице-спикері, Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева Жолдаудың мән-маңызы мен ерекшелігін көпшілікке кеңінен түсіндіріп, онда көрсетілген бес басымдықтың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Атап айтқанда, құжаттағы оқу процестеріне ІТ білімді енгізу, жаңа индустрияны енгізуде цифрлық технологияны қолдану, қаржылық біліктілікті көтеру, үштілділікті дамыту, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту, кәсіптік білімді дамыту, тұрғындардың сапалы білім алуына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып, жан-жақты талдап берді.

Халық қалаулысы әсіресе, маңызды салалардың бірі болып табылатын білім беру мәселесін тереңнен сөз етті.

– Мемлекет басшысы Жолдауының төртінші басымдығы адами капитал сапасын жақсартуға арналған. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын дамыту жөніндегі жүйелі көзқарас. Экономикалық өсудің жаңа моделінде білім беру орталық буынға айналуға тиіс. Біріншіден, оқу бағдарламаларын жаңғырту, яғни «сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру» жөнінде міндет қойылып отыр. Қазір мазмұны жаңартылған оқу бағдарламалары мен оқулықтарын, сондай-ақ білім алушылардың (30 мектепте) оқу жетістіктерін өлшемшартпен бағалау жүйесін кезең-кезеңмен байқап көру жұмысы аяқталды, – деді Г.Исимбаева.

Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша депутат «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешуіміз қажет», – деп Жолдаудағы маңызды тұстарды саралады. Оның айтуынша, қазір 127 мектепте 2,7 мың мұғалім жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытып жатыр.

«Мектепте білім беру деңгейінде үш тілде білім берудің жол картасы әзірленді. Ағылшын тілінде оқыту үшін педагог кадрларды даярлау мен қайта даярлау (57 педагогикалық және гуманитариялық жоғары оқу орындарында 11 мамандық бойынша) және жоғары оқу орындарының оқытушыларын қайта даярлау жұмысы жалғастырылып жатыр, үш тілде білім беру шеңберінде (42 жоғары оқу орнында) арнайы бөлімдер жұмыс істеп тұр. Министрлік ағылшын тілін меңгеру деңгейін растайтын сертификаттары бар «Химия», «Физика», «Информатика», «Биология» пәндері мұғалімдерінің электрондық дерекқорын құрды. 2016 жылы Назарбаев Университеті және республиканың 15 жоғары оқу орны базасында «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндерінің 675 мұғаліміне арналған тілдік курстар өткізілді және мемлекеттік сатып алу шеңберінде «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндерінің 75 мұғаліміне арналған 4 айлық біліктілікті арттыру курстары өткізілді. 2017 жылы «Информатика», «Физика», «Химия» және «Биология» пәндерінің 8425 мұғалімін қамту жоспарланып отыр», – деп атап өтті Г.Исимбаева.

Елбасы Жолдауында кәсіптік білім беру саласы да кеңінен қамтылған. Кездесу барысында Г.Исимбаева осыған орай «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасымен, яғни, тегін білім берумен бірінші кезекте жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ еңбекке қабілетті жастағы адамдар қамтылуға тиіс. Көзделген экономика шеңберінде жаңа өндірістерге мамандар даярлау үшін кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға серпін беру қажет. Бұған дейінгі көрсеткіш бойынша, жыл сайын 20 мың бала ҰБТ бармаса, 40 мыңға жуығы шекті балды ала алмаған. Бәрін қосқанда 60 мыңнан аса жастар мамандық иесі бола алмаған. Сондықтан, біздің мақсат – жұмысшы мамандықтар бойынша даярлықты 2 есеге ұлғайту», – деп Жолдаудағы аса маңызды мәселелерді түсіндіріп өтті.

Білім саласын кеңінен тілге тиек еткен халық қалаулысы сөз соңында «Жоғары білім беру жүйесінің сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, олардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне және білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет», деді.

Сұхбат түрінде өткен кездесу барысында оқу орынның ұстаздары көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар ала алды. Сонымен қатар, Жолдауда көрсетілген міндеттерге орай өз ұсыныстарын да білдірді.

Жиын соңында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева маңызды құжатта жүктеліп отырған жауапкершілікті терең сезінуге және оның орындалуына бірге атсалысуға шақырды.

Басқосуды қорытындылаған университет ректоры Динар Нөкетаева тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне аяқ басқан мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне жетелеген Елбасы жолдауына орай құнды ойларын ортаға салған Гүлмира Истайбекқызына үлкен алғысын білдіріп, ұжым атынан еңбегіне табыс, қызметіне сәттілік тіледі. Ректор «Адам капиталының дамуынсыз, экономиканың да өсімі болмайды. Сондықтан, білім беру саласын дамытуды ең негізгі стратегиялық шаралардың жүйесіне келтіріп отыр. Мен де өз тарапымнан, ынтымақты ұжымымызды, өршіл жастарымызды «Қазақстанның үшінші жаңғыру» кезеңіне өз үлесімізді қосуға шақырамын!», – деді.

Кездесуде сонымен қатар, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформасы тілге тиек етілді.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05