«Есіңе мені алғайсың...» атты дәстүрлі Мұқағали оқулары өтті

Қазақстанның қай қыры: қаласы, даласы, облысы, ауданы, ауылы болсын ешкімнен ешқандай бұйрық күтпей ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнін тойлайды. Қыстың қаһарлы ызғарына, ақпанның суығына да қарамай кәусар жырдан шашу шашады. Бұл мәдени іс-шара дәстүрлі үрдіске айналғалы қашан?! Сондықтан мұзбалақ ақынның туған күнін білмейтін қазақ болуы әсте мүмкін емес...

Осы күннің құрметіне орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы М. Мақатаев ескерткіші басында жылдағы дәстүр бойынша кәусар жырдар лағылдай төгілді. Айтулы мәдени шараға Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын Бақыт Беделхан, ақынның ұрпағы – Жұлдыз Мұқағалиұлы, қыздары – Алмагүл мен Шолпан, М.Мақатаев атындағы Халықаралық қоғамдық қордың президенті, келіні Бақытгүл Айдарова және Қыздар университеті ғылыми-педагогикалық қызметкерлері, студенттер, қарапайым жырсүйер қауым келді.

Қыздар университетінің бірінші проректоры Б. Алиев пен Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғ. Жайлыбай ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сөз кезегін алған бірінші проректор Б. Әзімжанұлы: «Бүгін 9 ақпан – жыр додасында ұлы дүбір, поэзия патшалығында жыр мерекесі. Аталмыш шараға тамшыдай болса үлес қосу үшін киелі шаңырақтан студент қыздарымыз келіп отыр. Қазақ қыздарының поэзияға деген құштарлығын арттыра түсу мақсатында Мұқағали оқуларын жыл сайын, дәстүрлі түрде өткізуге университет басшылығы ұйытқы болып келеді. Бұл мәден іс-шара дәстүрге айналғалы да біраз уақыт өтті. Біз ақын жырларымен сусындау арқылы болашақ ұрпағымызды рухани өсіріп, мәдени байыта аламыз. Ендеше, жыр аламанына сәттілік тілеймін», – деді.

Ал, Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай: «Жалғыз қазақ халқы ғана емес, бүгінгі күнде бүкіл әлем мойындай бастаған, үлкен феноменге айналған ақын жырлары, болмысы үлкен құбылысқа айналды. Мұқағали өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем шығар?! Әнін шырқамайтын әнші жоқ шығар?! Ақын бақыты деген осы. Мұқағали – ұлт ақынына айналды. Мұқағалиды кешенді зерттеу, зерделеу «Мұқағалитану» басталып кетті. Күні кеше ғана, өткен жылдың аяғында «Мұқағали энциклопедиясы» жарыққа шықты» – дей отырып, Қазан қаласынан жаңа шыққан, әлі сиясы кеуіп үлгерген «Мен де адам баласы» деген бір дана кітабын ақын ұлы Жұлдызға табыс етті. Бұл туындыны Татарстанның халық шайыры Роберт Миннуллин аударған екен. Бұл сүйінші хабар көпшілікті бір сілкінтіп, қатты қуантып тастады.

Сонымен қатар ақынның сыныптасы Есімқұл Тоқсанбаев ақсақал мен келіні Б. Айдарова өз ізгі тілектерін жеткізді.

Ресми бөлімнен кейін керемет поэзия кеші басталды. Қыздар университеті мақтаныштары, айтыскер ақын, республикалық, халықаралық айтыстардың бірнеше мәрте жүлдегері Арзыгүл Қайыңбайқызы мен 2 курс студенті, 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада аясында өткен «Өнер алды-қызыл тіл» атты республикалық студенттер айтысының 3-ші дәрежелі жүлдегері Жібек Шахмарданқызы жырдан шашу шашты. Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттері ақын жырлары мен арнау өлеңдерін оқып, дүйім жұртты бір серпілтіп тастады. Ақын жырлары әлем тілдері аударылып жатқаны белгілі. Студент-қыздар орыс, ағылшын, түрік, парсы, қытай тілдерінде ақын жырларын тебірене оқыды.

Биыл тау тұлғалы таланттың туғанына – 86 жыл. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері Мұқағали Мақатаевтың рухына тағзым ретінде «Есіңе мені алғайсың...» атты өткізіліп жүрген жыр кеші – Мұқағали оқуларының мән-маңызы жыл өткен сайын арта түспек.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05