Қыздар университетінде Иран күндері өтті

Бүгін Қыздар университетінде Иранның ұлттық өнер, дәстүрлі музыка және революция күніне орай Иран Мәдениеті күні өтті.

Университетте парсы тілін меңгеріп жатқан студенттерді тарихы тамырлас Иран елінің мәдениетімен жақынырақ таныстыруды мақсат тұтқан шараға Иран Ислам Республикасының Бас Консулы қызметін атқарушы Али Реза Торабикия, Алматыдағы Иран мәдениет өкілдігінің басшысы Сейд Джавад Джалали Киясари мырза отбасымен, Иран елінен келген қонақтар Мохсен Мирза Али, Алиреза Бахрамзаде, Хади Жаафари, сонымен қатар, шығыстанушы ғалымдар, Алматы қаласының ЖОО парсы тілі оқытушылары мен Қыздар университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Мәдени іс-шара Қазақстан Республикасы және Иран Ислам Республикасының мемлекеттік әнұранының орындалуымен басталды. Ашылу салтанатында Иран Ислам Республикасының Бас консулдық жанындағы мәдени өкілдік басшысы Сейд Джавад Джалали Киясари мырза мен Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Әлиев жастарға тағылымды лебіздер айтып, қонақтарға құрмет көрсетілді.

«2017 жылы қаңтарда Қазақстан мен Иран арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толды. Жыл сайын екі ел арасындағы мәдени байланыстар артып келеді. Түрлі апталық мәдени шаралар, қолөнер көрмелері ұйымдастырылуда. Ғылыми-оқу байланыстар, студенттер мен оқытушылардың алмасуы, гранттардың бөлінуі, қазақ және парсы тілдерін университеттерде оқытылу, ақпарат алмасуы және әртүрлі саладағы маңызды жұмыстар осы екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі дамыта түсуде. Қыздар университетінде парсы тілі көп жылдардан бері оқытылып келе жатыр. Жыл сайын студенттер Иранға барып парсы тілін жетілдіріп, магистранттарымыз сол жақта тегін оқып келуіне мүмкіндік алып отыр. Осы орайда, Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Елшілігіне және мәдени орталығына алғысымызды білдіреміз!», деді Б.Әлиев.

Өз кезегінде Бас консулдық жанындағы мәдени өкілдік басшысы Сейд Джавад Джалали Киясари мырза екі ел арасындағы білім мен ғылым және мәдениет саласындағы байланыстарды арттыруға үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздарды Алғыс хатпен марапаттады. Оған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бірінші проректоры Баходир Әлиев, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы, ф.ғ.д. Алтынай Тымболова, шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі Г.О.Сейдалиева, ф.ғ.к. Р.К.Садықова, аға оқытушы Ғ.Мұқашева ие болды. Сейд Джавад Джалали Киясари мырза сонымен қатар, парсы орталығына компьютер сыйлап, қаржылай қолдау білдіретіндігін атап өтті.

Шараның шымылдығы алдымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің парсы тілін меңгеріп жатқан студенттердің дайындауындағы шағын концертпен ашылды. Концертте студент қыздардың орындауында «Эй, Иран!», «Буйе жуиэ мулион хами» және т.б. парсы тіліндегі әйгілі әндер шырқалды. Кеште Иран мәдени өкілдігінің басшысы Сейд Джавад Джалали мырзаның қызы Атефе Джалали иран музыкалық аспабы дафтады ойнап, көрермендерді тәнті етті. Көпшіліктің көңілінен әсіресе, Иран Ислам Республикасынан келген арнайы қонақтардың парсы ақыны Фирдаусидің «Шахнама» шығармасынан үзінділерді оқуы көңілден шықты. Кеш барысында ұлы ақын Фирдоусидің «Рүстем мен Сухроб» қойылымының тұсауы кесілді. Мәңгі өшпес шығыстың жауһар жыры, рухани-мәдени асыл мұра болып табылатын трагедиялық тарихи қойылымды Бішкек қаласынан арнайы келген өнер университетінің студенттері сахналады. Студенттік театрдың өнері жоғары бағаланып, үлкен қошеметке ие болды.

Иранның бірнеше мың жылдық жарқын тарихында өз елінің мәртебесін көтерген ұлы тұлғалардың есімдері алтын әріптермен жазылып, төрткүл дүниеге танымал болды. Солардың ішінде Хәкім Әбілқасым Фирдоусидің алатын орны ерекше. «Шаһнама» жарыққа шыққалы көптеген ғасырлар өтсе де, оның көркем әңгімелері көптеген тілдерге аударылып, әлі күнге дейін өз оқырманын қуантып келеді.

Иранның ұлттық өнер және дәстүрлі музыка күндері аясында өткен шара барысында сондай-ақ, Иран Ислам Республикасының қолөнер, көркем сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге қазақ халқының ұлық шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлының қазақ тіліне аударған «Шаһнама» атты еңбегі қойылды. Шараның құрметті қонағы, аталмыш кітаптың текстологиясын жасап, кіріспе тарауларын жазған, кітаптың шығуына мұрындық болған филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменей: «Бұл басылымның ерекшелігі – Тұрмағамбет Ізтілеуұлының қолжазба нұсқасы бойынша қосымша текстологиялық жұмыстар жүргізілді. Түсіп қалған сөздер қалпына келтірілді», деді.

Дәстүрге айналған шара екі мемлекет арасындағы достық пен құрмет, парасат пен ынтымақтастықтың айғағына айналды.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05