Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 268

Композитор Байқадамовқа арналған кеш

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 13 ақпан күні Өнер және мәдениет факультетінің ұйымдастыруымен белгілі композитор, қазақ музыка мәдениетінде дара тұлға Бақытжан Байқадамовтың 100 жылдық құрметіне орай дөңгелек үстел өтті. Айтулы жиынға композитордың құрдас досы, Спанов Өтеген Қалниязұлы, қызы Байқадамова Балдырған Бақытжанқызы, п.ғ.д., профессор Меңдіаяқова Қуанышкүл және тағы басқа сыйлы қонақтар арнайы келіп, қызықты естеліктер айтып берді. Дөңгелек үстелді ашқан университеттің бірінші проректоры Б. Алиев: «Қыздар университетінің негізін қалауда, қазақ қыздарының өнерін дамытуда ғана емес, жалпы, ұлттық өнеріміздің көшінің ілгері басуында дүлдүл Бақытжан Байқадамовтың алар орны зор. Атқарған еңбегі өлшеусіз. Көптеген шәкірттер тәрбиелеген тәжірибелі ұстаздың қолтаңбасы, яғни тәлімін көрген мамандар республикамыздың кез келген өңірінен табылары анық. Өйткені бұл кісі мақтануға лайық жан», – деп жиынның мән-мазмұнын түсіндіріп шықты.

Иә, қазақ өнерінде айрықша із қалдырған өнер иесі Бақытжан Байқадамов көпшілік сүйіп тыңдайтын, бірге шырқайтын «Пионер әні», «Теміртау жастарының маршы», «Айгөлек», «Домбыра», «Ақ бидай», «Су тасушы қыз», «Сүйген сәулем», «Өзіңсің» туындыларымен кеңінен таныс. Мұндай өміршең құнды шығармалар күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Одан ары жалғасын тауып, заманмен үндес болары сөзсіз.

Музыкалық білім берудің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессор Т. Қоңыратбай қайраткер туралы: «1944 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясы ашылғанда Б.Байқадамов оқуға түсіп, Е.Брусиловский класында композиция мамандығы бойынша білім алады. Бес жылға созылған оқу жылдары гармония, полифония, музыкалық форма, музыкалық фигурация, композиция пәндерін игеріп, ән, екі-үш бөлімді құрылым, вариация, сонаталық аллегро формаларын, симфониялық оркестр, оның құрамына кіретін толып жатқан музыкалық аспаптардың дыбыс, тембр, орындаушылық мүмкіндіктерін игеріп шығады. Соның бәрі оркестрге арнап ірі шығармалар, камералық туындылар, ән және хорға арналған музыкалық шығармалар жазуына жол ашты», – деп өте мазмұнды баяндама жасады. Зерттеуші-ғалым айтулы тұлғаның өмірі мен өнер жолына кеңінен тоқталып, қатысушыларға толыққанды ақпарат берді. Ал, қызы Балдырған Байқадамова әкесінің «халық жауының» баласы деп айыпталып, небір орынсыз қиындық көргенін, дегенмен өнер жолына адал болғанын жылап отырып еске алып, айтып бергенде, барша тыңдаушы қауым сілтідей ұйып тындады.

Ал, студенттер тарапынан Б. Байқадамовтың шығармашылығынан «Хор» орындап, небір әндерін тамылжыта шырқап берді.

Дөңгелек үстел барысында ұлтымыздың руханиятында ойып тұрып орын алатын дарынды талантымыздың туралы көбірек мәлімет алып, болашақ музыкант мамандар өмірлеріне қажет көп тағылым алды.

Өнер және мәдениет факультетінің деканы Г. Өмірбаева келген қонақтарға үлкен алғысын білдіріп, Балдырған Бақытжанқызына сый құрмет көрсетті.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05