«Қазақ қызы және гендерлік саясат» тақырыбында дебат өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті биылғы 2016-2017 оқу жылын – Ғылым жылы деп жариялап отыр. Осыған орай университетіміздің Ғылым және халықаралық байланыстар бөлімі «Ғылым жылына арналған ғылыми-зерттеу құрылымдарының іс-шаралар жоспарына» бекітілген болатын. Сол іс-шаралардың бір бағытын ҚазМемҚызПУ жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты мен Жас ғалымдар кеңесі Алматы қаласы ЖОО студенттерімен бірге гендерлік мәселелерге қатысты «XXI ғасырдағы қазақ қызының сипаты» тақырыбында 5 сериядан тұратын жарыссөз (дебат) өткізуді жоспарлаған болатын. Бұл жарыссөздер «Қазақ қызы және гендерлік саясат», «Қазақы салт-дәстүр бүгінгі күн тұрғысында: әмеңгерлік, алып қашу, тоқал мәселесі», «Шетелдік күйеу жігіт: жағымды және жағымсыз жақтары», «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Қазақ жігіттері мен қыздары: XXI ғасыр шындығы» деген тақырыптар бойынша Алматы қаласы ЖОО-ларының студент ұлдары мен Қыздар университетінің студенттері арасында өткізілмек. Дебат кездерінде бүгінгі қазақ қызы мен ұлының «гендер», «гендерлік саясат» деген ұғымдарға байланысты түсініктері мен пікірлерін анықтау мақсаты қойылған.

Осы жоба аясында бірінші серия 10 ақпан күні «Қазақ қызы және гендерлік саясат» тақырыбы бойынша өтті. Бұл жолғы жарыссөзде біздің университеттің студент қыздары мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 25 ұл балалары бүгінгі таңдағы «қазақ қызының» сипаты, соның оң және теріс көріністері, қазіргі қоғамдағы «идеалды қазақ қызына» тең болатын қазақ жігіті қандай деген сұрақтарға байланысты пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған гендерлік саясатқа деген көзқарастар да айтылды.

Жастар жарыссөз барысында тарихтағы әрбір ұлы тұлғаның артында беделді әйел тұрғандығын да еске алды. Қазіргі кезде де қоғамдық өмірде белгілі жетістіктерге жеткен аналар өсіп келе жатқан қыздарға, келешек ұрпақтарға үлгі болатындығы сөз болды. Жастар бүгінгі таңдағы қазақ қызының жоғары образының бағасын жылтыраған шоу бизнестегі көріністер арқылы емес, қазақы салт-дәстүрді бойына сіңірген, ар-ұятты жоғары қойған, сонымен бірге өз Қазақстанының дамуына өз үлесін қоса алатын жоғары қабілеті бар, «ибалы қазақ аруы» деген көрсеткіштер арқылы анықтау керек, деген ұсыныстар айтылды.

Жарыссөз барысында келешек жас қыздарға үлгі бола алатын, ұлттық салт-дәстүрлерге тәрбиеленген, рухани-мәдени құндылықтары ұлттың ұлағаттығымен байыған қазақ қыздарының жаңа образдарын шынайы көрсете алатын әдеби шығармалардың қазіргі кезеңде аз екендігі де аталып өтті. Сонда жастар соларды оқып, өздерінің эмоционалдық дүниесінің эмпатиялық сезімдерін сусындата алар еді деген тілектер айтылды.

Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты гендерлік мәселелерге байланысты әлеуметтік пікірлердің ғылыми деректер қорына қосу мақсатында, дебаттарға даярлық кезінде және оның соңынан сауалнамалар көмегімен пікірлер жинақтауда. Жазға тарта солардың қорытындылары жасалып, солар туралы дебатқа қатысқан жастардың өздерін таныстыру кеші өткізілмек.

Сапар Оспанов,

Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтының

жетекші ғылыми қызметкері, филос.ғ.д.