Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Жібек Шахмарданқызы – студенттер айтысының жүлдегері

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті Жібек Шахмарданқызы республикалық «Өнер алды-қызыл тіл» атты студенттер айтысының III орын иегері атанды.

Жуырда Алатау дәстүрлі өнер театрында 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада аясында Республикалық «Өнер алды- қызыл тіл» атты студент ақындар айтысы болып өтті. Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өткен жыр додасына еліміздің әр өңірінен 12 ақын қатысты. Қыздар университеті атынан Жібек Шахмарданқызы шықты. Дарынды жас айтыскерлердің сайысына айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер-ақын Серік Қалиев, елімізге белгілі азулы айтыскер-ақын Ринат Зайытов, шымкенттік айтыскер Қалижан Білдәшев, журналист Жарқын Сәленұлы әділ бағасын беріп, төрелік жасады.

Қызықты да тартысты өткен айтыста үздіктер қатарынан көрінген Жібек Шахмарданқызы III-орынымен қатар, 50 мың ақшалай сыйлықтың иегері атанды. Бұл Жібектің алғашқы жеңісі емес, ол әрдайым түрлі мүшайралар мен айтыстарда жеңімпаз атанып жүрген студенттеріміздің бірі. Биылғы жаңа оқу жылының басында Жібек Қызылорда қаласында өткен айтыстан жүлделі I орынды қанжығасына байлап, университет мерейін өсірген еді.

Қашанда оқ бойы озық жүретін, от ауызды, орақ тілді, талапты да өнерлі жас айтыскер ақын қызымызға алдағы уақытта әрдайым осындай биіктерден көріне беруіне тілектеспіз!

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05