Эразмус+ бағдарламасы таныстырылды

Бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Эразмус+ бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Тасбулатова Шайзада Өмірзаққызымен аталмыш жобаны түсіндіруге арналған ақпараттық сессия болып өтті.

Еске сала кетейік, Еуропалық Одақтың Эразмус+ бағдарламасы – 2014-2020 жылдарға арналған білім беру мен оқыту, спорт және жастар саясаты салаларындағы академиялық ұтқырлыққа, әріптестікке, жобаларға қолдау көрсетуге, сонымен қатар, біліктілікті жетілдіру арқылы халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін жақсарту үшін бағытталған. Жаңа бағдарлама еуропалық жоғары білім сапасын арттыруды, адами потенциалына салынатын инвестициялар көлемін айтарлықтай арттыруды көздеп отыр. Білім беру, кәсіптік даярлау, жастар және спорттық дамыту саласын қаржыландыратын бұл жоба жоғары білім беру саласындағы тәжірибе алмасу, ынтымақтастық, екі ел арасында диалог орнату және адамдар мен мәдениеттер арқылы үшінші мемлекеттермен қарым-қатынас құру бойынша Еуропалық одақ бағдарламаларының бірі. Бұл бағдарлама 2007-2013 жылдарда жұмыс істеген Өмір бойы білім алу бағдарламасы (Эразмус, Леонардо да Винчи, Комениус және Грюндтвиг), Жастар іс-қимылы, бес халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары (Эразмус Мундус, Темпус, Альфа, Едюлинк және өнеркәсіп дамыған елдермен ынтымақтастық бағдарламасы) сияқты бағдарламалардың біріктірілуінен жасалған.

Жиынды университеттің ректоры Динар Нөкетаева ашып, бағдарламаның мәні мен маңызына тоқталып өтті.

- «Эразмус+ бағдарламасына қатысу, атсалысу – біз үшін мақтаныш! Себебі, осы сынды халықаралық бағдарламаларға қатысу біздің 70 жылдық тарихы бар, QS Stars University Ratings халықаралық рейтингісі бойынша «3 жұлдыз» иеленген университетіміздің әлеуетін халықаралық стандартқа сай модернизациялана түсіп, сапаның өсуі мен білім нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетіні сөзсіз. Осындай халықаралық бағдарламаларға үнемі қатысатын университетімізде бүгінгі таңда Эразмус+ бағдарламасының «ЖОО-да медициналық білім беруді жаңғырту» – ModeHed жобасы іске асуда. Қазақстанда Еуропалық Одақтың бағдарламалық жобалары басталғалы бері, Шайзада Өмірзаққызы осы салада аянбай еңбек етуінің арқасында еліміздің университеттерінің оқу үдерісіне инновациялық оқыту технологияларын мультимедиялық компонент ретінде енгізу, медициналық және медициналық емес бағыттағы мамандарды дайындауда медициналық-биологиялық блог пәндерін оқыту бағдарламаларын жетілдіру және денсаулық сақтауда әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру, халық арасында салауатты өмір салтын мемлекеттік деңгейде насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді», деп атап өтті Д.Нөкетаева.

Жобаның Қазақстандағы үйлестірушісі Шайзада Өмірзаққызы кездесу барысында Эразмус+ бағдарламасы жайлы жан-жақты ақпарат беріп, мүмкіндіктерін таныстырып, жобаның әріптесі болып Қыздар университетінің барлық сұрақтарына жауап берді. «Жоғары оқу орындары әлеуетін көтеру» және «Халықаралық кредиттік ұтқырлық» атты екі тақырып бойынша кең ауқымда таныстырылым жасаған Ш.Тасбулатова Эразмус+ бағдарламасының талаптары мен ережелері, әріптестік туралы келісімнің қалай жасалатындығы, ондағы гранттық келісім жөнінде, іріктеу процесі, байқауға өтініштер қай уақытта басталып, аяқталатындығы, ұлттық және өңірлік басымдықтары туралы ақпараттармен таныстырып, кеңестерін берді. Сонымен қатар, ЖОО-дың оқытушылары, қызметкерлері, басшылары, докторанттары, магистранттары мен студенттерге арналған мүмкіндіктер жөнінде презентация жасап, қызықтарған сұрақтарына жауап берді. Бір сөзбен айтқанда, Эразмус+ бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі бағдарламаға қатысу бойынша кеңес беріп, серіктестер іздеуге көмектесуде, команданың жұмысын үйлестіру бойынша нақты бағыт-бағдар берді.

«Эразмус+ бағдарламасының жоғары оқу орындары үшін беретін көп үлкен мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама арқылы әріптес болатын шетелдік оқу орнында ЖОО ұстаздары біліктіліктерін арттыра алса, студенттер еуропалық ЖОО-ларда магистратурада білім алуына мүмкіндіктер ашылады. Қысқа мерзім уақытында кандидаттар үшін докторлық дәрежелерін алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар келісім арқылы шетелдік оқытушылармен тәжірибе алмасу жасауға болады. Ұтқырлықты дамыту мен кадрлардың біліктілігін арттырумен қатар, жоба оқу бағдарламаларын қайта қарастыруға, оқу орнын басқару әдістерін жақсартуға мүмкіндік береді», дейді Эразмус+ бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Ш.Тасбулатова.

Кездесуге университеттің басшылығы, оқытушы-профессор құрамы мен факультет декандары және кафедра меңгерушілері қатысты.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05