Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

«Жас Отан-2017» кубогына арналған волейбол турнирінің жеңімпаздары анықталды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласы ЖОО арасында «Жас Отан-2017» кубогына арналған волейбол ойындарынан өткен қалалық волейбол жарысында Арулар ордасының волейбол командасы жеңімпаз атанып, тағы бір мәрте мықты ойыншылар екендігін дәлелдеді.

Аталмыш шара Алматы қалалық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың, «Жас Отан» жастар қанаты мен Қыздар университетінің Жастар саясатын дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді.

«Саламатты ұрпақ» жобасы аясында өткен турнирге Алматы қаласы жоғары оқу орындарының волейбол командалары қатысты. Спорттық шараның басты мақсаты – студенттерді түрлі спорттық жарыстарға қатыстыру арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, спорт арқылы жастардың басын біріктіру.

Шараны «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалы төрайымының орынбасары Жұлдыз Ыбытаева мен Қыздар университеті спорт клубының жетекшісі Садуақас Шыңғысбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ж.Ыбытаева алғы сөзінде: - «Спорт – денсаулық кепелі. Дені сау ұрпақ –ертеңгі еліміздің келешегі. Елбасы қашанда өз бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде алдыға қояды. Бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсатымыз - жастарды салауаттылыққа ынталандыру, дене тәрбиесі мен спортпен айналысуға үгіттеу. Спорт арқылы қатысушылардың өзара достық қарым-қатынас орнатуына септігін тигізу. Жыл бойы түрлі спорттық шараларды ұдайы өткізіп тұратын «Жас Отан» жастар қанаты биыл да шахмат, үстел теннисі, мини-футбол және т.б. спорттық жарыстарды өткізуді қолға алуда», - деп атап өтті.

Қызықты да тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша Қыздар университетінің құрама командасы турнирдің жеңімпазы атанды. Кіл мықты қыдардан құралған команда сонымен қатар, турнирдің Кубогын қанжығасына байлады. Қыздар арасындағы жарыстың ІІ орнын Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің командасы иеленді.

Ал, жігіттер арасында Қазақтың спорт және туризм академиясының жігіттері мықтылықтарын дәлелдеп, І орынды жеңіп алды. ІІ орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрама командасы еншілесе, ІІІ орын М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының командасына бұйырды. Жүлдегер командалар дипломдармен марапатталды.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05