Кәсіпкерлікті дамытуға арналған семинар өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Жеке кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау шаралары» атты ғылыми-тәжірибелік семинар болып өтті. Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің «Экономика және бизнес» кафедрасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен шараға оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды жүзеге асыру арқылы мемлекеттің одан әрі экономикалық және саяси дамуын айқындайтынын атап өтіп, оны жүзеге асыруға, кәсіпкерлікті дамыту мен одан әрі нығайтуға айрықша көңіл бөліп келеді. Биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударып, оның тың тәсілдерін ұсынған.

Нарықтық экономиканың толыққанды қатысушысы ретінде мемлекет бүгінде кәсіпкерлік қызмет субьектілеріне қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкерлікті қолдау үшін 5 бағдарлама жасалып, кәсіпкерлерімізге мемлекет тарапынан үлкен басымдықтар берілген. Кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және бизнестің билікпен арадағы іс-қимылдарының жаңа моделін құруға бағытталған «Жеке кәсіпкерлік туралы» ҚР Заңы да қабылданған. Кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруды көздейтін айтарлықтай салықтық жеңілдіктер заңдық деңгейде қарастырылып, республикамыз бойынша шағын және орта кәсіпорындармен жұмыс істеуді көздейтін жалпыұлттық институттар құрылып үлгерді.

Семинарда «Даму» қорынан келген мамандар – Алматы қаласы бойынша аймақтық бөлімшесінің құзіреттілікті арттыру бағдарламасының бас менеджерлері Зарина Карменова мен Лаура Оралтаева қатысушыларға шағын кәсіпкерлікті ашу бойынша кең ауқымды презентация жасап, қордың ұсынатын бағдарламалары туралы толыққанды мағлұматтар берді. Кәсіпкерлердің несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың және банктердің алдында кәсіпкерлердің несиелерін кепілдендірудің қаржылық агенті, «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы оқыту және кеңес беру бағдарламаларының операторы қызметін атқаратын қордың өкілдері сонымен қатар, бизнес жоспардан бастап, несие алу, оның қаржыландыруы, мемлекеттік субсидия, сервистік қолдау, консалтингтік қызмет сынды кәсіпкерлікке қадам басуға қажетті қызмет түрлерін жіті түсіндірді.

Сондай-ақ, қызықтырған сауалдарға тұщымды жауап беріп, қашанда кеңес беруге әзір екендіктерін жеткізді. Студенттер арасында жеке кәсіпкерлікті жүргізу әрі дамытуға арналған кездесу соңында қонақтар оқытушылар мен студенттерді «Даму» қорының арнайы дәрістеріне, кәсіпкерліктің негізін оқытатын «Бизнес-кеңесші», «Кәсіпкерліктің экспресс-курсы» оқыту жобаларына шақырды.

Қыздар университетінде қазіргі таңда Қосымша білім беру бағдарламасы жүзеге асуда. Бағдарлама аясында «Киім дизайны», «Филолог-аудармашы», «Экскурсовод-гид», «Құжаттану және кадрлық жұмыс», «Дайындық сыныбының мұғалімі» сынды 20-дан астам қосымша мамандық оқытылады. Қосымша білім беру бағдарламаларымен қатар, университет қос мамандықты алуды да алдыға қойған. Мәселен, «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын бітірушілер мектепте бастауыш сынып мұғалімі біліктілігіне ие болып, жалпы білім беретін мектептер, шағын жинақталған мектептер, гимназиялар, лицейлерде бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарса, Қосымша білім алу бағдарламасы негізінде мектепалды дайындық сынып мұғалімі, бастауыш мектептегі бейнелеу өнері мұғалімі деген біліктілікті қоса алу мүмкіндігі бар.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың пайдасы, мемлекетімізге алып келер үлесі орасан зор. Дәл осы кәсіпкерліктің түрлерін дамытпай еліміздің экономикасын жандандыру, халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалын көтеру мүмкін емес. Сондықтан, жас мамандардың кәсіпкерлік біліктіліктерін арттыруда, өз мамандықтарымен қатар, қосымша білім алу мен жеке бизнесін ашуда мұндай кездесулердің берері мол.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05