«Кітапханадағы ғажайып түн» атты мәдени акциясы өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасы «12 сәуір – Ғылым күніне» орай «Кітапханадағы ғажайып түн» атты әлеуметтік-мәдени акциясын өткізді.

Аталған іс-шараны өткізудегі басты мақсат, университет көлемінде өтетін «Ғылым жылын» негізге ала отырып, оқырмандарды кітап оқуға тарту, кітапхана жұмысына жаңа екпін беру, осы шара арқылы оқырмандармен жүздесу, кітап оқу және университеттің интеллектуалды шығармашылық әлеуетін көтеру болды.

Шараға университеттің бірінші проректор Б.Алиев қатысып, аталған шараға қолдау көрсететінін айтып, кештің сәтті өтуіне өз тілегін білдірді. «Жалпы, әлем елдерінде білімнің қайнар көзі – кітапты қадірлеп, кітапханаға олар жоғары баға берумен қатар, әлі күнге қадірлеп келеді. Дамыған мемлекеттерде кітапхананы айрықша насихаттайтыны соншалық, небір керемет фильмдер түсіріп, мәдени мұра ретінде құрмет тұтып келеді» деді өз сөзінде Баходир Алиев.

Сондай-ақ, шараға С. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетінің Ғылыми кітапханасының директоры А.Асанова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасының директоры Н. Имансыдықова, Алматы Алматы Энергетика және байланыс институтының кітапханашылары, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының өнерлі студенттері, кітапханашылары және Қыздар университетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері, Физика-математика, Жаратылыстану, Әлеуметтік-гуманитарлық факультеттерінің декандары, Ғылым және халықаралық байланыстар басқармасының басшысы, оқытушылар, студенттер арнайы келіп қатысты.

«Биыл университет көлемінде «Ғылым жылы» болып жариялануына орай, Ғылыми кітапханада осы шараны ұйымдастыру жоспарланған болатын. Бұл «Ғажайып түн» акциясы ең алғаш ХVIII ғасырда Англия, Франция елдерінде көптеп өткен. Бертін келе ТМД аумағында да осы игі дәстүр қолға алына бастаған. Қазір республика көлемінде де бұл акция үлкен қолдау табуда. Бүгін университет кітапханасының ұжымы алғаш рет осы акцияны ұйымдастырып отыр», – деді ғылым кітапхана директоры Б.Бағашарова.

Кітапхана фойесіне келген қонақтарды кітапханашылардың өз қолдарымен жасаған түрлі бұйымдары, атап айтқанда «Этноауыл», «Шеберлер қаласы», «Мен талантты, креативті жаспын», «Әуенді тап», «Сіздің сүйікті кітабыңыз», «Ғажайып ағаш» атты әдемі үйлестірілген бұрыштар, сән салтанатты қызықты сәттер күтіп тұрды.

Кеш қонақтары Ғылыми кітапхананың бүгінгі тынысы болып отырған «Электронды ресурстар орталығы» әзірлеген жаңалығы кітаптарды QR-кодпен қамтамасыз ету әдісімен танысып, кітапхана жұмысы жайлы түсірілген түрлі слайдтарын тамашалады. Электронды ресрустар орталығының жетекшісі Х.Гадиров осы шараға арнайы дайындаған QR-кодтың кітапханаға енгізілген бағдарламасын оқырмандарға жан-жақты таныстырды. Кітапханаға келген оқырман өзінің мобильді телефонына жүктеу арқылы еш қиындықсыз керекті оқулықты пайдалана алатынын нақтылап айтты. Қызығушылық танытқан кейбір оқырмандар тіпті бірден сол жерде телефондарына аталған бағдарламаны жүктеп алды.

Сондай-ақ, кітапханашылар келген қонақтарға шеберлік сағаттарын өткізіп, он саусақтарынан өнері тамған қолдарымен жасаған бұйымдардың түрлерін көрсетті.

«Әуенді тап!» атты ұйымдастырылған шара өз оқырмандарын лезде баурап алды, конкурс өте көңілді болды.

Төрт сағатқа созылған шара барысында кеш қонақтары кітапханашылардың шеберлікпен істелінген әрбір жұмыстарын бағалады.

Түрлі мерекелік қойылымдар, креативті, белсенді студенттердің өнерлерін тамашалады. «Шайхана» бұрышы келген қонақтарға тәтті шай ұсынды.

Кеш соңында кітапхана басшысы шараға белсенді қатысқан оқырмандарды, кеш қонақтарын түрлі сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапаттады.

Нәзира Алмекеева, Ғылыми кітапхана әдіскері