«Нұр шашқан» тобы – олимпиада жеңімпазы!

Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы студенттері А.Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен VIII Республикалық студенттік пәндік олимпиадаға қатысып, жүлделі І орынды иеленді.

Университет намысын мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығының 3 курс студенттері: Жәнәбілова Үмітай, Сақ Әсем, Бегалиева Маржан, Төребекова Құндыз есімді білікті де білімді қыздардан құралған «Нұр шашқан» тобы қорғады. Топқа Жақыпбаева Әйгерім жетекшілік жасады.

Қыздар пәндік олимпиаданың талаптарына сай жоғары деңгейде дайындықпен барды.

VIII Республикалық студенттік пәндік олимпиадаға Қазақстанның облыстарынан 10 команда: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Академик А.Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты командалары қатысты.

«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелу» мамандығы бойынша Республикалық студенттік олимпиада бес кезең бойынша өтті. Олимпиаданың бірінші күні қатысушылар І. «Визитка», ІІ. «Шығармашылық тоғысулар толқыны», ІІІ. «Келешекке кемел біліммен» (тест), IV. «Мектеп жасына дейінгі балаларды туған өлкесімен таныстыру» жоба сайысы бойынша сынға түссе, екінші күні V. «Балаға деген махаббат, мейірім мен қамқорлық» (мектепке дейінгі ұйым базасында балаларға арналған мәдени-тынығу шарасын өткізу) сайысы бойынша бақ сынасты. Барлық кезең өте тартысты өтті.

Жүзден жүйрік шыққан Қыздар университеті командасы терең білімдерін дәлелдеп қане қоймай, жоғары деңгейде шығармашылық қабілеттерін танытып, киім үлгілерімен де көзге түсіп, «Ең үздік имидж» аталымының иегері атанды. Құттықтау рәсімінде Әйгерім Жақыпбаева қатысушы топты дайындағаны үшін арнайы дипломмен марапатталды. Білімді, талапты, жігерлі де алғыр қыздарды дайындап келе жатқан Қыздар университетіне және оның басшысы Д.Ж.Нөкетаеваның атына да Алғыс хат берілді. Сонымен қатар кафедраның бірнеше оқытушылары арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Жеңімпаз атанған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті келесі жылы республикалық олимпиаданы өткізу құрметіне ие болып, білімді жастарды қара шаңырақта қарсы алатын болады.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05