«Ұлттық үрдісте киінейік! Наурызды ұлықтайық!» акциясы өтіп жатыр

 

Жуырда елімізге танымал, бұқаралық ақпарат айдынында ерекше орны бар «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті ұлттық киімді дəріптеуге арналған акция бастап, барша қауымды акцияны қолдауға шақырған болатын. Акцияға Қыздар университетінің студенттері де қолдау білдіріп, «Ұлттық үрдісте киінейік! Наурызды ұлықтайық!» деген ұстаныммен қазақы нақышта киініп, ұлттық киімді дәріптеуге өз үлестерін қосуда.

Алғашқылардың бірі болып бұл бастамаға «Қыз Жібек» клубының қыздары қолдау көрсетті. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген идеямен 2012 жылы ашылған клуб ұдайы қыздарды ұлттық дәстүрлер мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеуге, ұлтжанды, парасатты шынайы «Қыз Жібек» келбетін қалыптастыруға, халықтық асыл мұраларын ұлықтауға үлкен үлесін қосып, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптеп келеді.

«Қазақы нақыштағы киімдерді заманауи стильге сай киіну қазіргі таңда, әсіресе қыз-келіншектер арасында сәнге айналып келеді. Арнайы қазақы киімдерді сатып алуыңызға немесе өз қолыңыздан даярлауға да болады. Университет студенттері арасында күнделікті киім сыртынан қазақы камзолды киіп жүруді әдетке айналдырған қыздар өте көп. Ару қыздар қазірден ұлттық бейнемізді бірізді етуге білек сыбана кірісіп кетті. Заман ағымына сай өз келбеттерін қалыптастырып, қазақылығын кем дегенде минималды түрде нақышқа келтіріліп жасалған шолпы, алқа, сырға, кәжекей, кеудешелермен, ұлттық бейнемізді аша түсетін әшекей бұйымдармен айшықтай түсуде. Наурыз мерекесінде, не осы бір айлық акцияда ғана емес, алдағы уақытта да жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп ұстаздары, тәрбиешілер аздап болса да ұлттық үрдісті қалыптастыратын киім кисе, оны көрген жастардың да көзқарасы өзгерер еді. Ұлттың ұрпағын тәрбиелейтін қыздардың сырт келбетінің мәніне өнегелік тұрғыдан қарағаны дұрыс. Ұлтымыздың құндылықтарын бірге дәріптеп, ұлттық қазынамыздың қадіріне жете білейік! Ұлттық нақышта киініп жүру, оны сәнге айналдыру, салт-дәстүрімізді дәріптеу біздің қолымызда», дейді «Қыз Жібек» клубының төрайымы Қазына Яхудаева.

Белгілі ұлт жанашырларының бастамасына «Қыз Жібек» клубынан кейін оқу орнының Ғылыми кітапхана ұжымы мен қыздарға ұлттық салт-дәстүр, қолөнерді: ши, гобелен, кілем тоқу, кесте тігу, тоқыма тоқу, түрлі ұлттық киімдер үлгісін тігуді үйрететін «Кәсіптік білім» кафедрасының ұстаздары қуана жалғастырды.

«Киім дизайнерлерін, қолданбалы және көркем сәндік өндірісі мамандануы бойынша кәсіптік білім педагогы мамандарын дайындайтын, ата-бабадан қалған бай мұрамыз, ұлттық қолөнерімізді қыздарға үйретуден жалықпай келе жатқан кафедра бұл бастаманы естігенде, бір ауыздан қолдады. Еңсемізді көтеріп, етек-жеңімізді жиып еңселі ел болдық. Өзгенікін кимей, өз киімімізді киетін және ұлттық киімдерімізді дәріптейтін уақыт жеткен сияқты. Қазіргі кезде біздің ұлттық нақыштағы киімдер қайта сәнге айналып келе жатқандығы қуантады. Заманауи үлгіде түрлі-түрлі әдемі көйлектерімізді қазақстандық дизайнерлеріміз тігіп, әлемді таң қалдыруда. Олардың ізін басып келе жатқан Қыздар университетінің қолөнер шеберлері, тігінші, дизайнер болам деген студенттері де бүгінгі заманға сай әдемі, күнделікті өмірде киетін қазақы көйлектерді тігіп, қазіргі таңда түрлі байқаулардың жеңімпаздары атануда. Атадан қалған мұра ұлттық киімімізді, ұлттық мерекемізді біз дәріптеп, мақтанышпен көрсетпесек, өзге ұлт оны насихаттамайды. Сондықтан, өзіміз бірінші дәріптеп, қазақы нақышта киінейік!», дейді п.ғ.к., «Кәсіптік білім» кафедрасының меңгерушісі Рахия Дәрменова.

Игі бастамаға елімізге белгілі этнограф-ғалым, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі Ғалия Қайдауылқызы да өз пікірін білдірді.

– «Бұл акция өтетін де кететін, болмаса бір сән көрсету, қыр көрсету, не болмаса біз осындаймыз деу үшін емес, бұл өмірдің салты, өмірдің мәні болуы тиіс. Өйткені, киім деген адамзат адамзат болғалы бері адамның адамдық келбетін қалыптастыратын, әрбір ұлт пен ұлыстың арғы тегін, бергі талғамын, танымын үйлестіретін, соны басқа жұртқа танытатын жай ғана бозбүршік емес, халықтың жан дүниесі, өмірлік ұстанымы және сол халықтың өзіне ғане тән бет-келбетін айқындайтын белгісі болған. Бізде әлі де болса салқыны басылмаған, айбыны қайтпаған, Кеңестік дәуірдегі өмір салтымен келеміз. Біз айта береміз, айта бергеннен, өзіңнің тегіңе, тамырыңа бері қарай қайта берген дұрыс. Киіне білу деген денеңді, тәнді ғана жабу емес, өзіңнің бір өнегенің бір саласы болуы керек. Не нәрсе болса да алғашқы қадамнан, ұмтылысынан, ниеттен басталады ғой. Ниет-пиғылың дұрыс болса, өзі әрі қарай бір жолға түседі. Ең бастысы, бастайық! Бастайық та, тастайық болмасын! Әдемілік, әрлілік тек ою-өрнекке байланысты емес. Сол нақыштың астарына байланысты. Өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, етек жеңімізді жиған сәт туғанда кезде біздің міндетіміз, барымыздан айырылып қалу емес, біздің миссиямыз осы уақытқа жеткен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтау және арқалаған аманатымызды өзімізден кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстауымыз қажет. «Аманат-аманатқа жасама қиянат» деген аталы сөз бар. Оюда тұрған ештеме жоқ. Ең бастасы қыздарымыз, жастарымыз, өсіп келе жатқан жас ұрпақ өз төл мәдениеті мен салт дәстүрін құрметтеп, ұлттық құндылықтарды сақтап, бізде де бар мінекей, біз осындай ұлттық дүниені алып жүре аламыз деп, жан дүниесімін түйсінуі керек. Дәстүр басталғаны өте құба-құп. Кішкентай болса да шаштай талшыққа ілінген, соның бір сұлбасын үзбей, алып келе жатқан жол бар бізде. Сол сүрлеуді сара жолға салу, сара жолды дара жолға салу сіз бен біздің міндетіміз. Бұл акция өнегенің бастауы болуы керек. Сол акцияның салт-дәстүрге сай киіну, әр қазақтың мақтанышына айналса, оның бастауында бірегей қара шаңырақ Қыздар университеті тұрса, тек қана бір университеттің емес, қазақ қыздарының дәреже-деңгейі өскендігі деп ойлаймын. Тарихы тереңге бойлаған, сұрапыл соғыс, қиын кезеңдерде ашылған, қазақтың даналығынан, қазақтың арда азаматтарының қазақтың қыздарына деген үміті мен сенімінен туған қара шаңырақтың ұлттық құндылықтарға мән беріп отырғандығы қуантады», деді Ғ.Қайдауылқызы.

Қазақ қыз баланы тек шаңырақтың шырақшысы ғана емес, ұлттың келбеті деп білген. Осы аталы сөзді әрдайым есте ұстаған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп келеді. Өйткені мұнда оқитын студенттерінің дені – қазақ қыздары. «Ұлт діңгегінің беріктігі ұлттық тәрбиеде жатқандығын» түсінетін, «Ұрпақты тәрбиелейтін де, қоғамды қалыптастыратын да аналар» деп білетін Қыздар университеті студент қыздарға заманауи білім берумен қатар, адамгершілік, имандылық, парасаттылық, елжандылық, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды жастардың бойына сіңіріп келеді.

Университет қабырғасында «Қыз қылығы», «Бұлбұл қыздар», «Шебер қыздар», «Назқоңыр», «Ізденіс», «Інжу-маржан», «Үміт» және т.б. үйірмелер жұмыс жасайды. Студенттердің мәдени танымын жетілдіруге бағытталған түрлі кештер университет көлемінде, факультет аясында және топ ішінде жүйелі түрде жүргізіледі. «Өмірі үлгі жастарға» атты жоба аясында елімізге белгілі тұлғалармен, өнер, қоғам қайраткерлерімен, көрнекті ғалымдармен, белгілі ақын-жазушылармен кездесу кештері өткізіліп тұрады. Мұнда сонымен қатар, «Қазақ аруы» арнайы курсы жүргізіледі. Курс жаһандану үдерісінде ұлттық мүддені жоғары қоя отырып, салт-дәстүрді бағалайтын, этномәдениетті, мінез-құлқы мен санасы ұлттық ділмен ұштасқан, кәсіптік-педагогикалық имиджі қалыптасқан зиялы әйел тәрбиелеуге бағытталған.

Құрметті Қыздар университетінің қызметкерлері, ұстаздар мен студенттер! Баршаңызды 21 сәуірге дейін өтетін акцияға қатысуға шақырамыз. Ұлттық нақышта киініп, Наурызды ұлықтайық!

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05