Тұңғыш рет «Полиглот-оқытушы» сайысы ұйымдастырылды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 10 сәуірде Ғылым және халықаралық байланыстар басқармасы мен Көптілді білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Полиглот-оқытушы» атты оқытушылар сайысы өтті.

Сайыстың мақсаты – оқу үрдісін жандандыру, педагогикалық инновациялық тәжірибе жинақтап тарату, оқытудың әдістерімен тәсілдерінің пәнді игерудің тың технологиясын іздестіру, оқушылардың білім деңгейін, оқу ынтасын, белсенділігін арттыруды тәжірибеде іске асыратын, шығармашылықпен, ғылым мен тәжірибе тоғысында заман талабымен жұмыс жасайтын, білім беру жүйесін дамытуға ықпал ететін дарынды көптілді ұстаздарды анықтау.

Байқау шарты бойынша оқытушылар үш кезеңнен тұратын сайысқа түсті. Сайыстың алғашқы кезеңінде мұғалімдер өздері туралы ақпаратты ағылшын тілінде таныстырды. Екінші кезең «Менің инновациялық сабағым» деп аталып, оқытушылар өз тәжірибесінен үзінді сабақтар көрсетті. «Шеберлік шыңы» деп аталатын шешуші кезеңде оқытушылар өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі, қойылым көрсетті. Сайыс барысында оқытушыларына жанкүйер болған студенттер қауымы зор құрмет пен ілтипат білдіріп, өздерінің ән, би өнерлерімен қолдау көрсетті. Сайысқа Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің тәжірибелі ұстаздары әділқазы ретінде өз бағаларын берді.

Сайыс нәтижесі бойынша Бас жүлдені барлық кезеңдерден жоғары ұпай жинаған Физика-математика факультеті Информатика және қолданбалы математика кафедрасының оқытушысы айгүл Маханова Айгуль иеленсе, жүлделі I орынды Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті Қазақ тіл білімі және әдістемесі кафедрасының оқытушысы Алия Джамамбетова, II орынды Физика-математика факультеті математика кафедрасының оқытушысы Каирден Баетов, III орын жоғары нәтиже көрсеткен Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті Кәсіптік білім кафедрасының оқытушысы Гүлмира Махановаға берілді.

Сондай-ақ, қатысушы ұстаздардың барлығы «Дарынды мұғалім», «Эрудит мұғалім», «Зерттеуші мұғалім», «Әдіскер мұғалім», «Шығармашыл мұғалім», «Сабақ шебері» аталымдарымен марапатталды.

С. Асанбаева, Көптілді білім беруді дамыту
орталығының директоры