Тәттігүл Төлебаева Б.Нұржекеұлы атындағы шәкіртақыға ие болды

Талдықорған қаласында өткен Б.Нұржекеұлы коференциясынан Қыздар университетінің студенттері жетістікпен оралды.

Жуырда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Пайым» ғылыми зерттеу, білім беру Орталығы «Әдеби мұраны игерудің жаңа ғылыми негіздері және оның білім берудегі қолданбалы мәні» жобасы аясында «Жоғары мектепте «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәнін оқыту: Бексұлтан Нұржекеұлы романдарындағы тұлға әлеуеті» атты республикалық ғылыми- әдістемелік конференция өтті.

Бексұлтан Нұржекеұлының қатысуымен өткен шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және т.б. жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің атынан аға оқытушы, ф.ғ.к., Б.Ш.Қожекеева бастаған студенттер өз білімдерін ортаға салып, жобаларын қорғап, диплом, сертификаттарға ие болды. Атап айтқанда, Нарғыз Тынышбай III дәрежелі дипломмен, 3 курс студенті Аружан Панызбек II дәрежелі дипломмен және 4 курс студенті Маржан Әбіш I дәрежелі дипломмен мадақталды. Ал, Тәттігүл Төлебаева Бексұлтан Нұржекеұлы атындағы бір мәрте берілетін шәкіртақыға ие болды. Ал топтық есепте Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Ғылыми жоба» номинациясы бойынша III орынға ие болып, студенттердің жетекшісі Бекзада Шакизадақызы дәстүрлі білім сайысына қолдау көрсеткені үшін алғыс хатпен марапатталды.

Жиын барысында «Пайым» ғылыми зерттеу, білім беру Орталығы шығарған «Әдебиеттану ғылыми және білім беру» сериялық ғылыми-әдістемелік жинағының бірінші кітабының тұсауы кесіліп, Б.Нұржекеұлына салтанатты түрде табыс етілді.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05