Зәки Ахметов конференциясы биыл да жалғасын тапты

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 2017 жылы 14 сәуір күні дәстүрлі Заки оқулары аясында ұйымдастырылған «Зәки Ахметов және қазіргі әдебиеттану» атты студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдардың республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияcы болып өтті.

Ашылу салтанатында Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Алтынай Тымболова ҚР Жоғары оқу орындарынан қатысқан білім алушыларға конференцияның өтілу мақсаты, маңызы мен мәні жайында таныстыра отырып, З.Ахметовтың ғылыми жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті. Пленарлық мәжілісте сөз тізгінін Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сәуле Ержанова жалғап, баяндамашыларға сәттілік тіледі. Алдымен академик Зәки Ахметовтың ғылыми еңбектері туралы арнайы баяндама жазған студенттерге сөз беріліп, тыңдаушылар назарына ұсынылды. Оның ішінде ғалымның туған өлкесінен арнайы келген баяндамашылар да болды.

Одан әрі конференцияда «Зәки Ахметов және қазақ әдебиеттануының бүгінгі даму бағыттары», «Тіл білімі, және тіл мен әдебиетті оқыту мәселелері», «Шетел әдебиеті және аударматану мәселелері» деген тақырыптарда әрбір секция бойынша баяндамалар жеке тыңдалып, секция мәжілісін ф.ғ.к., қауымд. профес. м.а. Б.Ш. Қожекеева, п.ғ.к, профес. м.а. Б.Д.Жұмақаева, магистр-оқытушы Н.С.Балтабаева сынды модераторлар жүргізіп отырды.

Республика көлемінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универсиеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Еуразия гуманитарлық институт, Алматы қаласы бойынша Қыздар университетінен бастап, Абай атындағы ҚазҰПУ, М.Тынышпаев атындағы ҚазККА, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, С.Демирель атындағы университет, Алматы университеттерінен 117 білім алушының ғылыми мақалалары конференция жинағына енгізілді. Мақала авторларына жинақ толық таратылып, арнайы сертификат берілді. Үздік баяндама жасаған қатысушылар І,ІІ,ІІІ Дәрежелі дипломдармен марапатталды.

ЖОО білім алушыларының өзара тәжірибе алмасуына ықпал жасау мақсатында дәстүрлі Заки оқулары аясында ұйымдастырылған «Зәки Ахметов және қазіргі әдебиеттану» атты студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдардың республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияcын өткізуге ұйытқы болған қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі: ф.ғ.д., профессор С.Б.Ержанова, «Ізденіс» үйірмесінің жетекшісі: ф.ғ.к., профессор м.а. К.С.Әбдіқалық және ф.ғ.к., қауымд. профес. м.а. Б.Ш. Қожекееваға ұстаздар және студенттер қауымының алғысы шексіз.

Жалпы, ізденімпаз жастардың көзіне қарақ, көкірегіне шырақ әкелетін бұл конференция білім алушылардың ғылыми ізденістерін одан әрі арттыра түсуге үлкен серпіліс берері сөзсіз.

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

Қазақ филологиясы және әлем тілдері

факультетінің 2-курс студенті