Ерекше заттар көрмесі өтті

14 сәуір күні Қыздар университетінде жоғары оқу орындары арасында «Қажет емес заттардан жасалған бұйымдар» атты студенттердің шығармашылық көрмесі өтті.

Мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі іс-шара биыл бүкіл ғұмырын білім мен ғылымға арнап, ғылыми еңбегін қоршаған орта, табиғатты қорғау мәселесіне арнап келе жатқан құрметті ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Аймағамбетова Қазна Аймағамбетқызының 80 жылдығы аясында өткізілді.

«Мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасы жыл сайын тұрмыстық заттардың қалдықтарынан жаңа зат жасау арқылы студенттердің шығармашылығын дамыту, педагогикалық мамандықтары студенттерінің экологиялық мәдениеті мен көркем шығармашылық саласындағы кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыру мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Бұған дейін өз университет студенттеріміздің арасында өткізсек, биылдан бастап басқа да ЖОО-ры арасында өткізуді жөн көрдік», дейді шараның ұйымдастырушысы, п.ғ.м. Елена Агранович.

Көрмеге әр университет қажет емес заттардан жасалған түрлі бұйымдарды қойды. Көздің жауын алатын ерекше көрмеден пластик бөтелкелерден, қақпақтардан, лампалардан, гүлшоғы оралған қағаз, лента, картон, диск сынды көптеген пайдаланылған заттарды қолдана отырып жасалған жаңа дүниелерді көруге болады. Қатысушылар әр жұмыстың атауын көрсетіп, заттарымен таныстырып, қазылар алқасына ұсынды. Біріне-бірі ұқсамайтын көрмеге қойылған заттар өзіндік ерекшелігі, эстетикалығы, экологиялық құндылығы, пайданылған материалдардың әртүрлілігі бойынша сарапқа салынып, көрме соңында ең үздіктері анықталды.

Байқау қорытындысы бойынша Еуразия гуманитарлық институты, ПМНО 2 курс мамандығының студенттері Есинбекова Мулькарат пен Дина Әкіміш байқаудың Гран-при иегері атанды. Қыздар университетінің ПМНО мамандығының 1 курс студенттері Әсел Саухимова, Аида Исмаилжанова, Аида Айдарқызы 1 орынға ие болды. 2 орынды Абай атындағы ҚазҰПУ, ПМНО мамандығының 3 курс студенттері Юлия Парфилова мен Карина Бермуханова және ҚазМемҚызПу-дың ПМНО мамандығының 1 курс студенті Анастасия Аяпова жеңіп алса, 3 орынды Қыздар университетінің студенттері: Мадина Нұрғали, Ләйла Ордабекова, Камиля Өтепбергенова мен Бақытгүл Оңалды иеленді. Қатысушылар сонымен қатар, «Ең эстетикалық жасанды бұйым», «Ең тиімді жасанды бұйым», «Сәтті түстік шешім», «Жасанды бұйымның ерекше презентациясы», «Қолданылған материалдардың ерекше үйлесімділігі», «Креативтілік», «Ерекше дизайн» және «Дәстүрлі емес шешім» аталымдары бойынша грамоталармен марапатталды. Марапаттау рәсімінде Педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Жиенбаева барлық қатысушы жоғары оқу орындарына студенттер шығармашылығының көрмесін бірлесіп өткізгені үшін Алғыс хат табыстады.

Бастауыш білім беретін мамандарының жан-жақты әрі ізденімпаз болуына, тәжірибе алмасуға, студенттерді шабыттандыруға, қиял жүйріктігі мен жаңаша ойлау қабілеттерін танытуға, өз мамандықтары бойынша кәсіби өсуге, шыңдалуға мүмкіндік беретін шара келесі жылы да жалғасын таппақ.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05