«Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» атты 70-ші жас ғалымдар конференциясы өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 12 сәуір күні «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» тақырыбында 70-ші мерейтойлық республикалық студенттер, магистранттар, PhD докторанттар мен жас ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Ғылыми конференцияның шымылдығын университет ректоры Динар Нөкетаева ашып, сәттілік тіледі. «Құрметті Қазақстанның ілгері ғылым дамуына үлес қосқан аға буын ғалымдар, болашағынан үміт күттірер жас дарынды ғалымдар! Ғылым күніне орай ұйымдастырылып отырған 70-ші ғылыми конференцияға жиналған қауым, бүгінгі атаулы мереке – Ғылым күнімен құттықтаймын! Ақылдылықта өлшем жоқ, салыстыру ғана бар. Ғалымдар – ойлаған ойынан қайтпайтын, жұмысын жүзеге асырып, одан нәтиже шықпайынша тынбайтын еңбекқор жандардың бірі емес, бірегейі. Әр ғалымның ашқан жаңалығында оның өзі білмейтін тағы да сырлары болуы ықтимал, оны келешек ұрпақ толықтырып, жаңа сипат беріп жаңартады», – деді өзінің алғысөзінде университет басшысы Д. Жүсіпәліқызы.

Конференция төралқалары Ресей Халықтар Достастығы университетінің профессор У.Бактикереева мен С.Демирель атындағы университеттің доценті, ф.-м.ғ.к., С.Боранбаева құттықтауларын жолдады.

«Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» атты 70-ші мерейтойлық республикалық жас ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында стендтік баяндамалар сессиясы және жас инноваторлар көрмесі ұйымдастырылды. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға республикамыздың әртүрлі жоғары оқу орындарының білім алушылары қатысуға өтініш білдірді. Атап айтар болсақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық бизнес университеті, Алматы экономикалық колледжі, С. Демирель атындағы университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік университеті, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты.

Конференция «Заманауи филологиялық ғылымдар: бағыт-бағдарлары мен зерттеу аспектілері», «Педагогика және психология: инновация және заманауи әдістер; Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық негіздері», «Жаратылыстану ғылымы (химия, биология, экология, география): қазіргі күйін талдау және даму перспективалары», «Физика-математика ғылымдарының зерттеулері мен тәжірибесіндегі математикалық әдістер және ақпараттық технологиялар», «Өнер және мәдениет: теория мен тәжірибенің заманауи бағыттары» сынды алты секциядан құралды.

Конференция қорытындысы бойынша өздік баяндама жасаған, ғылыми жұмыстар ұсынған студенттер І, ІІ, ІІІ дәрежелі димломдармен марапатталды.

Ғылым және халықаралық байланыстар басқармасы