«Bookcrossing-Қазмемқызпу» атты іс-шара жүзеге асырылды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 11 сәуірде Ғылым және халықаралық байланыстар басқармасының басқаруымен, университет жас ғылымдарының және кіші ғылым академиясы студенттерінің ұйымдастыруымен «Bookcrossing-Қазмемқызпу» іс-шарасы өтті. Салтанатты шараның ашылуына қатысқан университеттің бірінші проректоры Б.Алиев биылғы ғылым жылында өтіп жатқан «Bookcrossing-Қазмемқызпу»-дың маңызына кеңінен тоқталып, жастардың жақсы бастамаға белсенді атсалысатынына үлкен сенім білдірді!

Бұл өткізіліп отырған Bookcrossing-тің мақсаты – жастар өздерінің ішінде ескі, жаңа кітаптарын алмасып оқып, білім шыңын одан әрі дамыту. Көңіл көкжиегін кеңейтіп, кітапқа деген қызығушылығын арттырып, жан-жақты талапты болуға ынталандыру. Bookcrossing іс-шарасында университеттің белсенді білім алушылары қазақ жазушыларының өлеңдеріне әдеби монтаж шолу жасады, сонымен қатар «Планшет» атты әдеби көрініс қойды. Іс-шара барысында көрермендер сайысы ұйымдастырылды. Сайыста білім алушыларға қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларынан, ұмытыла бастаған әдеби шығармаларынан сұрақтар қойылды.

Кітап та алма ағашы,
Жемісін біздер теретін.

Тәтті алмаға балашы,

Кітабыңның әр бетін, – деп ақын Мұзафар Әлімбаев жырлағандай әдеби кітаптар мен оқулықтар бәрімізге білім көзі, рухани қазына! Демек, кез келген жаңа дүние тамырын кітаптан таратады. Іс-шара соңы №4 жатақханада «Bookcrossing»-ң арнайы ашылу салтанатымен жалғасты.

Сондай-ақ, шара аясында «кітап әлеміне саяхат» атты жарысы өтті. Жарысқа факультет білім алушылардың арасынан 6 команда (әр командадан 3 студенттен) қатысты. Жарыс барысында қатысушылар жаратылыстану, музыка, тарих, педагогика, физика-математика, тіл-әдебиет тәрізді алты әлем бойынша өткізіліп, тақырып аясындағы сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар әр командаға өзіндік сызылған картасы тапсырылды, карта бойынша белгіленген әлемге барып сұрақтарға жауап берді. Әрбір әлемде тиісті бақылаушы отырды. Келген топты белгілеп, балдары қойылды.

Жарыстың қорытындысы бойынша орын алған және қатысқан командалар марапатталды. Атап айтар болсақ, Жаратылыстану факультетінің «Тапқырлар» тобы І орынды қанжығасына байлады. Физика-математика» факультетінің «Smart қыздар» тобы ІІ орынды иеленді. Ал, жүлделі ІІІ орын «Педагогика және психология» факультеті «Ізбасарлар» тобына бұйырды. Жарысқа қатысқан «Өнер» тобы (Өнер және мәдениет факультеті), «Алаш» тобы (Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті), «Алғырлар» тобы (Қазақ филологиясы және әлем тілдер факультеті) алғыс хаттармен марапатталды.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05