Би мектебінің дәстүрлі олимпиадасы

Қыздар университетінде «Хореография» мамандығы бойынша оқитын 3-4 курс студенттері арасында «Халық-сахналық биді оқытып үйретудің теориясы мен әдістемесі» пәні бойынша республикалық пәндік олимпиада өтті.

Өнер және мәдениет факультетінің «Хореография» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен шараға Алматы, Астана, Тараз, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Қызылорда қалаларының жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты.

Олимпиаданың бірінші күні қатысушылар «Халық-сахналық биді оқытып үйретудің теориясы мен әдістемесі» пәні бойынша теориялық сұрақтарға жауап беріп, тест тапсырса, екінші күні оқу орнының Д.Әбіров атындағы үлкен хореографиялық залында биден емтихан тапсырып, орындаушылық шеберліктері бойынша сынға түсті. Екінші кезең педагог-хореографтарды дайындаудағы негізгі теориялық және практикалық тапсырмалардан тұрды.

Қатысушылардың өнерін Алматы қаласы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы «Хореография» факультетінің ұстазы, профессор Қадыр Андосов, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Өнер және мәдениет» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Өмірбаева, Қазақ Ұлттық Хореография академиясының ұстазы, педагогика ғылымдарының докторы Айгүл Кульбекова, ҚР Халық әртісі, Қыздар университетінің құрметті ұстазы, профессор Зарема Қастеева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уиверситеті доценті Балжан Тілеубаева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұстазы, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлығаш Айткалиева сынды би өнерінің шеберлері қазылық жасады.

«Республикалық пәндік олимпиаданы өткізудегі басты мақсат – болашақ педагог-хореография мамандарының теориялық және практикалық білімдерін саралай отыра, шығармашылық қабілеттерін дамыту, біліктіліктері мен шеберліктерін арттыру, орындаушылық шеберліктерін шыңдау, дарынды жастарды айқындап, демеу көрсету», дейді шараның ұйымдастырушысы, ҚР Мәдениет қайраткері, Хореография кафедрасының меңгерушісі Роза Сабдалиева.

Екі күн бойы өткен олимпиаданың қорытындысы бойынша І орынды Астана қаласының Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті Гауһар Исмағұлова иеленді. ІІ орынға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Айжан Анарбек пен Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті Марина Уфимцева ие болды. ІІІ орынды Шымкент қаласының М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Маржан Сарсенбек, Тараз қаласының Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Салтанат Тоқжігітова мен Қызылорда қаласының Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Малика Раймбаева өзара бөлісті. Жеңімпаздардың барлығы арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, олимпиадаға студенттерді дайындаған жеткешілері де ҚазМемҚызПУ ректоры Д.Нөкетаеваның Алғыс хаттарымен марапатталды.

ЖОО арасында алғашқылардың бірі болып құрылған Қыздар университетінің хореография кафедрасының оқу орнында алатын орны ерекше. Кафедра Қазақстан республикасы мектептері үшін кәсіби педагог кадрлар даярлауға, сондай-ақ, хореграфия өнері саласына мамандар дайындауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Би мектебінің түлектері бүгінде бүлдіршіндерді би өнеріне тәрбиелеп, өскелең ұрпақтың биге деген сүйіспеншілігін арттырып, елімізбен қатар, шетел сахналарында да өнер көрсетуде.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05