Өзгетілді студенттер арасында қазақ тілінен олимпиада өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде мемлекеттік тілді дамыту мақсатында Алматы қаласы жоғары оқу орындарында білім алатын өзгетілді студенттері арасында Қазақ тілі пәнінен қалалық олимпиада өтті.

Жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған білім сайысын Қыздар университетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Алтынай Тымболова ашты. «Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылыс, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. «Тіл – елдің елдігінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай дәрежеде екенін білдіріп тұратын көрсеткіш», - деп жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы айтқандай, тіл мәртебесі – еліміздің егемендігінің көрсеткіші. Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында өткелі отырған жоғары оқу орындарының өзгетілді студенттері арасындағы «Қазақ тілі» олимпиадасы кемел келешек жолында сапалы білім беріп, болашақ өскелең ұрпақты елжандылық пен ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беруде зор үлес қосады деп сенеміз», - деді А.Тымболова.

Олимпиаданың дәстүрі бойынша өткен жылғы олимпиаданың жеңімпаздары қатысушыларға сәттілік тіледі. Биыл Қазақ тілі олимпиадасының 2016 жылғы жеңімпазы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Карпович Камеля сөз алып, қатысушыларға өз тілегін арнады. «Тіл – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің нышаны. Ынтымағы жарасқан көпұлтты қазақ жерінде 130-дан аса ұлттың өкілі бейбіт өмір сүруде. Осы елде туып, осы елде тұрған әрбір азамат мемлекеттік тілге ерекше құрмет көрсетуі тиіс деп санаймын. Сіздерді Отанымыздың өсіп өркендеуіне, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосуға шақырамын!», - деді орыс қызы К.Карпович.

Мемлекеттік тілді меңгерген өзге тілді жастарды анықтау, ынталандыру, мемлекеттік тілге құрметпен қарауды қалыптастыру, мемлекеттік тілді дамыту және жоғары оқу орындарының өзгетілді студенттерінің қазақ тілінен білімін тереңдету мақсатында өткен білім сайысына Алматы қаласы ЖОО-нан 9 команда қатысты. Өзге ұлт жастары демесеңіз, жан-дүниесі мен тілі қазақша сайрайтын, қазақ тілінің майын тамызып сөйлегенде, қазақтан кем түспейтін жастар төрт кезең бойынша бақтарын сынап, сайысқа түсті. Алдын-ала жеребе тарту бойынша анықталған командалар «Сәлем – сөздің анасы» атты I айналымда өздерін таныстырды. Бұл сында қатысушылардың таза сөйлеу мәнері де ескерілді. Екінші «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» кезеңінде қатысушылар әр ұяшықта жасырылған лексикалық, грамматикалық сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырмаларды орындап, білімдерін сынады. Үшінші «Салт дәстүр – асыл қазынам» кезеңінде ұлттық мұраны жаңғырту үшін сайыскерлеріміз арнайы әзірлеп келген сахналық қойылым көрсету бойынша сынға түсті. IV «Ұшқыр қалам» турында қатысушылардың қазақ тілінде эссе жаза білу шеберліктері, қазақша таза жазу сауаттылығы бағаланды. Әр кезеңде төрт команда бірінен-бірі оза шығып, мемлекеттік тілде жоғары деңгейде білетіндіктерін танытты.

Қатысушылардың білімі мен өнерін Алматы қаласы Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің докторы, педагогика ғылымдарының профессоры Жаңалық Балтабаева, Алматы қаласы Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айнұр Тоқбаева және Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Ержанова бастаған тіл мамандары қазылық жасады.

Сайыс қорытындысы бойынша I орынды Алматы технологиялық университетінің «АТУ қарлығаштары» (Топ мүшелері: Дэкич Мария, Попова Диана, Житник Тамара) жеңіп алды. ІІ орынға Тұран университетінің ««Тұран»» тобы (Топ мүшелері: Рахимтулаев Назим, Хисамиддинова Адея, Гребнева Ольга) ие болды. ІІІ орынды Санжар Жапарұлы Аспандияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің «Денсаулық» тобы (Мажлисова Инара, Хаджифазлыоғлы Эда, Шиттамуру Гивиш Гоутхам) иеленді. Жеңімпаздар дипломдар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05