Қыздар университетінде «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық конференция өтті

21 сәуір күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматы қаласында өткен «Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық конференцияға қатысты.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, діни бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар мен студент жастар қатысты.

Конференция барысында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу бойынша жұмыс жүргізу қажеттігі туралы міндеттер қойғанын және бұл шараға үкіметтік емес сектор мен діни бірлестіктерді белсенді қатысуға шақырғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 4 млн. жастар бар. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі таңда жастардың 79,6%-ы діни көзқарастарды ұстанады. Олардың арасындағы дінді белсенді ұстанушылардың үлесі – 9,9%.

2013 жылдан бастап ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы дін істері жөніндегі өкілетті органмен бірлесіп, еліміздің 10 өңірінде «Әйел және дін» атты жобаны жүзеге асырып келеді.

Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова сонымен қатар, жаһандану әлеміндегі сын-қатерлер үдеп тұрған жағдайда зайырлы Қазақстанның басты міндеті – діни экстремизммен күрес саласындағы сарабдал әрі тиімді мемлекеттік саясат болып табылатындығын баса айтты.

Діндар адамдардың радикалдануының негізгі ошағы Интернет болып табылады. Айталық, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық Интернет кеңістікте 100 мыңнан астам терроризм және экстремизм идеяларын тарату деректері анықталып, оларды жою шаралары қолға алынды. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмыстарының арқасында өткен жылдың 6 ай ішінде экстремизм және терроризм нышаны бар 315 қылмыстық оқиға тіркелген. 12 экстремистік актілердің жолы кесілді. Мемлекет тарапынан жүйелі негізде халықтың түрлі деңгейлері арасында мақсатты түрде түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылардың 32%-ы нысаналы сауықтыру шараларымен қамтылды.

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бүгінгі таңда жүзеге асуының арқасында ел тұрғындарының шамамен 90%-ы түсіндіру және алдын алу жұмыстарымен қамтылды. Салафиттік қауымның 70-ке жуық жетекшілері мен белсенділеріне қазақстандық қоғамның құндылықтарына деген шынайы көзқарасының қайта оралуына жағдай жасалды. Террористермен бірге шетелге шығып, соғыс қимылдарына қатыспақ болған 91 қазақстандыққа шет елге шығуға тосқауыл қойылды. Террористік және діни-экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін 123 адам сотталып, қылмыстық жазасын өтеуде.

Алғы сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова бүгінгі таңдағы маңызды міндет – жастар мен әйелдердің бойында діни экстремистік ұйымдардың насихаттарына қарсы тұратын берік иммунитет қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Іс-шара соңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова әйелдер мен жастар арасындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05