«Студенттік ең үздік бизнес-жоспар» сайысы қорытындыланды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 28 сәуірде барлық мамандықтар бойынша 1-курс студенттер арасында «Кәсіпкерлік іс-әрекетті ұйымдастыру» пәні аясында Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің «Құқық және басқару негіздері» кафедрасымен ұйымдастырылған «Студенттік ең үздік бизнес-жоспар» сайысы өтті. Сайысқа қатысу үшін 32 студенттік жұмыс қабылданды және қарастырылды. І турдың қорытындысы бойынша 15 жұмыс іріктелініп алынып, екінші турға жіберілді. Екінші турда командалар бизнес-идеяларының қысқаша презентациясын жасады.

Аталмыш сайыста Оқу ісі жөніндегі проректор Ә. Тойбаев; Кәсіподақ ұйымының төрайымы, «Құқық және басқару негіздері» кафедрасының аға оқытушысы Р. Бегайдарова; Экономика және қаржы Департаментінің директоры, бас бухгалтер Г.Нұрсеитова, Заңгер-құқықтық бөлімінің менеджері Д.Рыскалиев, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, ҚР ҰКП «Атамекен», бизнес-тренер Г. Жукупбаев; Нархоз университеті, э.ғ.к., доцент Р.Елшібаев, Алматы облысы «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау орталығының маркетинг саласы бойынша менеджері Л. Надырбекова сынды әділқазылар төрелік етті.

Студенттік жұмыстың нәтижесі бойынша I орынды «Plast invest» Пластмасса қалдықтарынан бір реттік ыдыстарды өңдеу бойынша Жаратылыстану факультеті, «химия» мамандығының 1 курс студенттері – Қ.Созақбаева, Д. Айтбай, Ұ. Өскеновалар қанжығасына байлады. Жүлделі II орынды «Гүлназар» балаларды сауықтыру – дамыту балабақшасы, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті,
«Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1 курс студенттері – А.Тілеуқұл, А.Райымбекова, Н. Советхан, Г.Қорғанова иеленді. Ал, 3 орынға «For you» аударма бюросы Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1 курс орыс бөлімінің студенттері – Н.Әліп, Ш. Ұланқызы, Ә. Жабдықбай, М. Камзина, Г. Тулетова табан тіреді.

Сонымен қатар, сайыстан тыс ең үздік жұмыс деп Жаратылыстану факультеті, «Биология» мамандығының магистрі Қ. Оразымбет «TomTato» қызанақ пен картопты будандастыру жылыжайы бизнес-идеясы танылды.

Жүлделі орын алған командалар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әділ-қазылар алқасының пікірі бойынша сайыс өз мәресіне жетті және мұндай шаралар Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуына үлесін қосатындығын атап кетті.

Құқық және басқару негіздері кафедрасы