Профессор Қазына Аймағамбетова 80 жаста

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде сәуір айының 28-ші жұлдызында халықаралық педагогикалық академиясының корреспондент мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазына Аймағамбетқызы Аймағамбетованың 80 жылдық мерейтойынына арналған «Қазіргі мектепке дейінгі және бастауыш білім беру: теориясы, әдістемесі мен тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ә дегенде, ұлағатты Қазына ұстаздың есімінің қойылуынан бастап, еңбек жолы, ғылымға бет-бұрысы, қызмет баспалдағы, бүкіл ғасырға жуық жүріп өткен жолы туралы деректі фильм көрсетілумен басталды.

Халықаралық конференцияны ашқан университет ректоры Д. Нөкетаева: «Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз». Сондай парасат мектебінің ұлағатты ұстазы, болашақ мамандардың рухани сәулеткері, профессор Қазына Аймағамбетқызына бүгінгі өткізілетін халықаралық конференция арналады. Ғалымның білім беру саласындағы еңбегі ұшан-теңіз, білім мен ғылым саласындағы шоқтығы биік, өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан. 50 жылдық бастауыш мектепке оқулық жазу тәжірибесін, әрбір шәкіртінің жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төккен қызметін дәріптеу, педагогикалық, ғылымдағы еңбегін ұлықтау біздің борышымыз деп санаймыз», –деді. Сондай-ақ, оқу ордасының басшысы Д. Жүсіпәліқызы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазына Аймағамбетоваға «Қазмемқызпу-дың Құрметті профессоры» атағын беріп, үстіне мантия кигізді.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесікафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д, профессор, Ресей білім беру академиясының академигі, педагогикалық білім беруді дамытудың директоры А. Абылқасымова, Қазақ мұнай және газ институтының бас директоры Ж.Кулекеев, Қазақстан-Түркия кәсіпкерлік одағының бас хатшысы А. Алияз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қырғызстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғылым және инновация орталығының директоры А. Турдугулов арнайы келіп қатысып, пленарлық мәжілісте баяндама жасады.

Сонымен қатар осы кешке әріптестері және шәкірттері келді. Мәселен, атап айтар болсақ, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, бастауыш білім кафедрасының меңгерушісі Ж. Сулайманкулова, Филология ғылымдарының докторы, профессор А. Жұбанов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, п.ғ.д., профессор Б. Барсай, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының әкімі М. Елеусізов, Қапшағай қаласы аудандық білім бөлімінің басшысы Р. Ешімова, Атырау облысы, Білім беру басқармасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, ғалымның шәкірті Н. Сайлауова, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университенің доценті, п.ғ.к., ғалым шәкірті Р. Керімбаева, №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогтік колледжінің оқу ісі жөніндегі директоры Г. Ақпаева, педагогика, психология және жеке пәндер әдістемелері кафедрасының меңгерушісі З.Нурдаулетова Г.Сүлейменова арнайы ат басын бұрып, ұстаздарының өмір жолы мен берген өнегесі жайында сыр шертті.

Мәдени іс-шара аясында профессор Қазына Аймағамбетқызының жақында ғана редакциядан шығып, сиясы кеуіп үлгермеген кітабының тұсауы кесілді.

Пленарлық мәжіліс соңында Қазына Аймағамбетқызының мерейтойына арналған шағын сахналық қойылымдар көрсетіліп, концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ал, түскі үзілістен кейінгі екінші бөлімде секциялық отырыстар болды.

Иә, профессор Қазына Аймағамбетованың ұстаздық өмір жолы алтын ұя Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің тарихымен 40 жылға жуық біте қайнасқаны анық. Қазыналы Қазына болашақ мамандарды дайындаудың мәселелерін көтерген, студенттердің өзін-өзі басқаруды, жаңаша бағытта әлеуметтік педагог тәрізді мамандықтарды енгізген, ғалымдардың бірнеше буынын 4 доктор, 30-ға жуық кандидатты әзірлеген. Көргенін тәлім ретінде бере білетін, өсиеті бағдар болатын, ғылымға білімге осындай сүбелі үлес қосып келе жатқан танымал тұлға Қ. Аймағамбетованың педагогтік жолы бізге және болашақ білікті маман болар қыздарымызға үлгі, мақтаныш, зор мәртебе.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05