З.Шашкиннің 105 жылдығына арналған конференция өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті, қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен аса көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, жазушы, сыншы Қазақстан Республикасы «Құрмет белгісі» сыйлығының иегері З.Шашкиннің туғанына 105 жыл толуына орай «Зейін Шашкин және қазіргі қазақ әдеби сынының өзекті мәселелері» атты ON-LINE негізінде Республикалық ғылыми-теориялық конференциясы болып өтті.

Онлайн байланысқа жазушы, сыншы Зейін Шашкиннің қызы көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Гүлжан Зейінқызы қатысып, З.Шашкиннің шығармаларына қатысты аударма жасаудағы жетістіктеріне тоқталып, бүгінгі таңда атқарылып отырған бірқатар істермен таныстырып өтті. Сонымен бірге Гүлжан Зейінқызы жазушы шығармаларын орыс тіліне аударуда біраз олқылықтарға жол берілгендігі туралы шығармадан үзінділер келтіре отырып тоқталды.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінен ф.ғ.к., доцент Сәкенов Сейілбек Икрамбайұлы «З.Шашкин шығармаларындағы замандас бейнесінің ерекшеліктері», ф.ғ.д., профессор м.а. Жанұзақова Құралай Темірбекқызы «З.Шашкин шығармаларының идеялық, көркемдік ерекшеліктері», Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Абишева Сәуле Жүнісқызы «Человек и время в творчестве З.Шашкина» және ф.ғ.к., доцент Зинаида Наумовна Поляк «Наследие З.Шашкина», Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.к., Құрманбекова Қарлығаш Сұлтанбекқызы «З.Шашкиннің жазушылық шеберханасы», Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.к., Тоқсамбаева Айман Омарқанқызы «З.Шашкиннің қазақ әдебиеті тарихындағы орны» І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібаева «Зейін Шашкиннің «Теміртау», «Доктор Дарханов» романдары» тақырыптарында З.Шашкиннің шығармалары туралы арнайы баяндама жасап, көкейкесті ойларын ортаға салды. Қазіргі қазақ әдеби сынының өзекті мәселелері, жазушы әңгімелері мен романдары, драматургиясы туралы айтылған мағыналы ойлар конференцияға қатысушылар назарын ерекше аударды. Білім майталмандарының өз ойларын ашық айтып, әдебиет жайлы пікірлерін ортаға салуға, тіпті, арақашықтық та кедергісін келтіре алмады. Сымсыз байланыс арқылы екі сағатқа созылған ғылыми-теориялық конференцияға өзге университеттер еш қиындықсыз қатысып, ой бөлісті. Нәтижесінде, бүгінгі әдебиеттану мәселесіне байланысты З.Шашкиннің шығармашылығының насихатталуына орай өзекті болып отырған мәселелерді қамтыған қарар қабылданды.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05