Студенттер елімізге дипломмен оралды

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қуанышты жаңалық! Университеттегі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шет ел асып, білім іздеген студент қыздарымыз елімізге дипломмен оралды. 2016-2017 оқу жылында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері, атап айтар болсақ, «Биология» мамандығы бойынша Берік Нұржамал мен Гүлнұр Омарова және «Шетел тілі: екі шетел тілі» Жанар Тастанова қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша Миссиссиппи алқабы мемлекеттік университетінде білім алып келді. Студенттер оқуларын сәтті аяқтап, 6 мамыр күні Миссиссиппи алқабы мемлекеттік университетінің дипломын алды. Білікті де, білімді жас мамандарды шын жүректен құттықтаймыз! Бұл – Қыздар университеті үшін зор жетістік, үлкен мақтаныш!

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті қосдипломды білім беру жүйесін жүзеге асырып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Қаншама түлегін түлетіп, олардың барлығы мамандықтары бойынша елімізде жұмысқа орналасып, мемлекетке адал қызмет етіп отырғаны көңілге медет ұялатады.

Оқу орнында академиялық ұтқырлық жолға қойылып, жыл сайын қарқынды дамып келеді. Бұл бағдарлама аясында 52 студенттіміз Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік университеті, Павлодар мемлкеттік университетінде тәжірибе алмасса, 94 студенттіміз мен магистранттарымыз Ұлыбританияның Лондон Менеджмент және Ғылымдар Академиясының, АҚШ-тағы Миссисипи мемлекеттік университеті, Түрік еліндегі Нийде университеті мен Қытайдың Янцзы оқу орнында білім алуда.

Ішкі академиялық ұтқырлық бойынша университетте оқу курсынан өткен білім алушы студенттер мен магистранттардың саны 95-ті құрайды. Оның 8-і Түркиядан келген студенттер, біреуі – Миссисипи университетінің магистранты.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан жоғары оқу орындары алдында қазақстандық білім ең жоғарғы халықаралық білім талаптарына сай болуы керек» деп үлкен мақсат пен талап қойды. Еліміздегі ең жетекші педагогикалық оқу орны ретінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бағыты мемлекеттік даму стратегиясы мен Елбасы жүктеген міндетке сәйкес жоғары кәсіби білім білім беру жүйесін дамыту, бәсекеге қабілетті халықаралық деңгейдегі білікті педагогикалық кадрлар дайындау мақсатында өз жұмысын атқаруда.

Қазіргі таңда Қыздар университеті – қасиетті қара шаңырақ тек қыз балаларға білім беретіндігімен ТМД-да жоқ, әлемнің төрт-ақ елінде бар өз даралығымен және бірегейлігімен ерекшеленіп қане қоймай, еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көшбасында тұр.

Қазақ қыздарының қара шаңырағында дәл осындай толағай табыстар бола берсін! Білім сапасын арттырудағы игі бастамалар жаңа серпінге толып, бәсекеге қабілетті дарынды, көп тіл білетін жастарымыз көбейе берсін!

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05