Мөлдір Қойбағар Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарды

Ақжолтай жаңалық! Қыздар университетінің студенті Мөлдір Қойбағар Тараз қаласында самбо күресінен 1999-2000 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен ҚР Чемпионатында 70 кг салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, 1 орын иегері атанды.

Үш күн бойы өткен жарыста Мөлдір Жамбыл, Семей, ақтық сында Жамбыл облысының қызымен белдесіп, айқын басымдықпен ұтып, жеңіс тұғырынан көрінді. Айта кетейік, спорттық додаға Қазақстанның 13 облысының және Алматы, Астана қалаларының құрама командаларынан 357 балуан қатысты.

Педагогика және психология факультетінің дене шынықтыру және спорт мамандығының 1 курс студенті Мөлдір Қойбағар – самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер. 18 жастағы қыз спорттың бұл түрімен 6 жылдан бері айналысып келеді. Аз ғана жылдың ішінде жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Оның қоржынында 10 алтын, 12 күміс, 17 қола медалі бар. Атап өте кетейік, Мөлдір сонымен қатар, жақында ғана Тараз қаласында (3 наурыз, 2017 ж.) өткен Қазақ күресінен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионатында 70 кг салмақ дәрежесінде 2 орынға ие болды.

«Мен Қызылорда қаласында дүниеге келдім. 1-11 сыныпқа дейін Қызылорда қаласының №176 мектебінде білім алдым. Алғашқы жаттықтырушым – Махамбет Жағыпар болса, қазір мені біздің оқытушымыз, Қазақстан Республикасының спорт шебері Усбанов Нұрлан Сұлтанбайұлы дайындауда. Спортшының жеңіске жетуіне талант пен еңбектен бөлек, бапкердің дайындауы да үлкен әсер етеді. Бұл орайда, мені барын салып дайындаған жаттықтырушым Нұрлан Сұлтанбайұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді», деді М.Қойбағар.

Нұрлан Сұлтанбайұлы Қыздар университетінде, спорт саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол дайындаған шәкірттері көптеген спорттық додаларда университет намысын қорғап, топ жарып жүр. Демек, спортшы қыз Мөлдірдің де алар асуы әлі алда деп білеміз. Жеңіс құтты болсын!

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05