Қазақстан Республикасының БҰҰ-на мүше болуының 25 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Биыл Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуына – 25 жыл. Осыған орай, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ұлттар арасындағы бірлік пен татулық – біздің басты мемлекеттік құндылығымыз» атты дөңгелек үстел өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы – 1945 жылы Сан-Францискодағы конференцияда антигитлерлік коалицияға мүше мемлекеттердің ұсынысымен күштерін біріктіру мақсатында, сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттерінің белсенділік танытуымен құрылған егеменді мемлекеттердің халықаралық ұйымы.

Қaзaқстaн Рeспубликaсы, хaлықaрaлық дeңгeйдe, хaлықaрaлық қaуымдaстықтaр мeн aнықтaлғaн қaғидaттaрды қoлдaйтын мeмлeкeт рeтіндe 1992 жылдың 2 нaурызындa БҰҰ-ның, 1993 жылдың 31 мaмырындa Халықаралық Еңбек Ұйымы мүшeсі бoлып тaнылды. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. БҰҰ өз қызметінде келесі 4 мақсатты көздейді: бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау; ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту; халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау; осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу. БҰҰ-ның басты мақсаттарының бірі – бүкіл әлемде бейбітшілікті сақтау. Көптеген жылдар бойына ұйым халықаралық дағдарыстардың алдын-алу және ұзаққа созылған қақтығыстарды шешуде маңызды рөл атқарып келеді.

Ұлтаралық достық қарым-қатынасты сақтауға, студенттердің көп ұлтты Қазақстан халқының татулық пен бірлікте өмір сүріп жатқаны туралы танымдық ойларын дамытып, өзге ұлт өкілдерін құрметтей білуге тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында өткен дөңгелек үстел отырысында халықаралық қарым-қатынасты реттеу саласында БҰҰ-ның мақсаты мен міндеттері, Қазақстан 25 жылдықта БҰҰ-мен бірге жеткен жетістіктері, Қазақстанның БҰҰ-ға қосылуындағы тарихи маңызы, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы БҰҰ орны сөз болды.

Жиынды ашқан Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры Зәуреш Сабырова: «Қазақстан бірінші рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Аталған Ұйымның Бас Ассамблеясында 138 мемлекеттің Қазақстанды қолдап дауыс бергенінің өзі еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін көрсетеді. Еліміздің осы бір маңызды ұйымға мүше болуы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында болып отырған айтарлықтай оқиға екені анық. Ширек ғасырдың ішінде мемлекетті қалыптастырудың барлық кезеңінен өттік және елдің іргетасын нығайта білдік, енді дамыған елдердің қатарына қосылу мақсатын алға қойып отырмыз. Әлемнің 150-ден астам мемлекетімен достық-экономикалық қарым-қатынас орнаттық. Көрші елдермен мәңгілік достық туралы шарт жасастық. Әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болдық. Енді міне, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне сайлануымыз үлкен маңызға ие» деп атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында Құқық және басқару негіздері кафедрасының доценті т.ғ.к. Ақмарал Қожабекова Қазақстанның БҰҰ-на қосылудағы тарихи маңызын баяндаса, Ректор Аппараты жетекшісінің орынбасары Мейірбек Ізбасаров халықаралық қарым-қатынасты реттеу саласында БҰҰ-ның міндеттері мен халықаралық еңбек ұйымының қызметін тілге тиек етті.

Қазақстанның 25 жылдықта БҰҰ-мен жеткен жетістіктері туралы көлемді баяндама жасаған «Студенттік Омбудсмен» ұйымының төрайымы Қожаберген Аружан: «Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері бүкіл әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне үлкен үлес қосып келеді. Ядролық қарудан бас тарту, Азияда сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үрдістерді нығайту, өркениеттер мен діндер диалогын шақыру – осының бәрі біздің мемлекетіміздің БҰҰ Жарғысының ұстанымдары мен мақсаттарына сәйкес атқарған істерінің әлі де толық емес тізімі. Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін және оның бітімгершілік әлеуетін нығайту жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетуде» деп атап өтті. Жиын барысында Қазақстанның 25 жылдыға БҰҰ-мен бірге жеткен жетістіктерімен қатар, Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы БҰҰ орны мен ЮНЕСКО тұсындағы Қазақстанның мәдени дамуы туралы тақырыптар ортаға салынды.

Қазақстан 25 жыл бұрын өз алдына қойған мақсатына кезең-кезеңмен, табысты жетіп келе жатқанын әлем жұртшылығы көріп отыр. Еліміз қабылдаған бағдарламаларды орындауда, БҰҰ Декларациялары, бейбітшілікті қолдау жолындағы әлемдік маңызы бар басқа да халықаралық құжаттарды қабылдады. Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде жаһандық деңгейдегі мәселелерге араласып келеміз. Елбасы жер шарын ядролық қарудан азат құрлыққа айналдыру, ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу мақсатын алға қойды. Бұл бағытта маңызды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Бұл соғыс қаруларынан азат әлемге қарай жасалған қадамның бірі болды. 1991 жылы әлемде алғаш болып Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Біздің елдің бұл қадамын бейбітшілікті қолдайтын әлем жұршылығы жоғары бағалап отыр. «Ұлттар арасындағы бірлік - біздің басты мемлекеттік құндылығымыз. Біз осындай құндылықтың әр кез сақталуына мүдделі болып, сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз» деген Елбасы бүгінде соның нәтижесін көрсетіп отыр.

Қазіргі таңда БҰҰ-на әлемнің 192 елдері мүше болса, Қазақстанда бүгінгі күні БҰҰ-ның 15 ұйымы жұмыс істейді.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8(727) 2 79 38 05