«Таза сессия» акциясы жүргізілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Студенттік Омбудсмен, «Студенттер Альянсы», «Жас Отан» ЖҚ, «Серт» полиция көмекшілері ұйымдарының бірігуімен мамыр айының 11-ші жұлдызында №1, №2, №3 оқу ғимараттарында сағат күндізгі 10:00-13:00 мен 15:00-17:00 аралығында дәстүрлі «Таза сессия» акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында студенттерге сауалнамалар таратылып, жемқорлық жайында статистикалық мәліметтер келтірілді. Ашық түрде өрбіген шарада жастардың есімі көрсетілмейді, яғни анонимді түрде жүргізіліп тек жауабы мен ұсыныстары жазылады. Бұл шараға Қыздар университеті студенттерімен қоса оқу ордасының қызметкерлері де белсенді қатысып өз тілек-пікірлерін білдірді.

«Таза сессия» акциясы барысында – Жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы заңнамалар туралы, қылмыстық кодекс, құқықтық актілер, ар-намыс кодексі талаптарын пайдалана отырып, акцияға қатысушыларды саяси өмірден хабардар жеке тұлғаны қалыптастыру, құқықтық сауаттандыру және құқықтық тәрбие беру жайында құнды мәліметтер келтірілді, ол мәліметтермен ұйымдастырушылар тарапынан студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары бөлісті.

Парасат мектебіндегі «Студенттер Альянсы» ұйымының көшбасшысы Айжан Мамытова: «Менің ойымша, бүгінге дейін сессия тапсырып, есесіне сәйкес бағаны ала алмай белгілі бір қысым көрсетушілік пен жемқорлыққа тап болған студенттер өздерінің мүддесін қалай қорғауы тиіс екендігін білмейді, өздеріне тиесілі құқық-парыздарын да ескере бермейді. Бұл шараның негізгі мақсаты да осындай студенттердің құқықтық сауаты бар студенттер санын көбейту, сол азаматтар арқылы келер жас буындарды жемқорлықсыз қоғам құруға баулу, ЖОО-да жемқорлық әрекеттерді анықтау мен оны алдын алу. Ал, ұйымдастырушылар, яғни біздер, алынған ақпаратты сараптап-саралап сандық және сапалық көрсеткіштерді анықтау арқасында жемқорлықсыз болашақ үшін нақты да мәнді қадам жасау жолдарын қарастыру», – деді өз сөзінде.

Әрине, осындай тәртіп бұзушылықтың елімізде бар екені жасырын емес. Мәселе әрине, өте күрделі. Осы тұрғыда студенттер өздерінің азаматтық позициясына да көп нәрсе байланысты. Осындай шараның ұйымдастырылуы жастар арасында жемқорлыққа деген жат сезімді оятатыны анық. «Таза сессия» ақциясы, яғни 11 мамырдағы күн тәртібіндегі барлық айтылған мәселелердің өзектілігі мен ауқымы айтарлықтай өз деңгейінде өтті, бұл шара алдағы уақыттарда да ұйымдастырылып тұратын болады.

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05