Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы туралы ақпараттық сессия

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 16 мамыр күні Біліктілікті жетілдіру орталығында Ғылым және халықаралық байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен университеттің ғылыми-педагогикалық құрамына, магистранттар және PhD докторанттарға арналған «Болашақ» халықаралық стипендиясы туралы акпараттық сессия өткізілді.

Естеріңізге сала кетсек, «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған-ды. Бағдарламаның құрылуына уақыт талабы ықпал етті. Мемлекетіміз тәуелсіздігін енді алып, экономикада еркін нарықтық қатынастар жолына, демократия және әлемдік қоғамдастыққа толық ену жолына шықты, бұл өмірге көптеген реформаларды әкелуді талап етті. Кез келген реформаны өткізу өздеріне берілген міндеттерді орындауға қабілетті білікті кадрлардың болуын талап етеді.

Бертін келе, бұл мемлекеттік бағдарламаның құлашы кеңге жайылып, дарынды жастарға толықтай мемлекет есебінен шетелде білім алу мүмкіндігі берілді.

Статистикалық мәлімет бойынша, 1994 жылдан бастап 2004 жылды қоса алғандағы кезеңде «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде әлемнің 13 елінде 785 стипендиат білім алған екен.

Жыл өткен сайын стипендиаттарды неғұрлым сапалы даярлауды қамтамасыз ету үшін серіктестер тізімі сапалы түрде қайта қаралып, шетелдік жоғары оқу орындарына талаптар күшейтілген. Оған қоса, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқимын деушілер саны күн сайын артып келеді.

Сессияға «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мамандары скайп арқылы қатысып, бағдарлама туралы толық мәлімет беріп, биылғы жылы енгізілген өзгерістерді хабарлады. Сондай-ақ, кәсіби біліктілікті арттыру орталығының директоры, аталмыш бағдарлама бойынша Ресей Федерациясында тағылымдамадан өткен Ж. Оспанова өзінің тәжірибесімен бөлісіп, бағдарламаның кәсіби жетіліп, маман ретінде қалыптасуға тигізер тиымды жақтары туралы айтып өтті.

Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы ертеңгі күнге сеніммен қарап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын дара жол, алдағы уақытта көптеген мұғалімдер, жас ғалымдар, студенттер мен магистранттар осы бағдарламаға қатысып, үлкен жетістіктерге жолдама алады деп сенеміз!

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05