Ұстаз-профессорға құрмет көрсетілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде мамыр айының 15-ші жұлдызында педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Низан Ильясовтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Жаратылыстану пәндерін оқытудың әдістемелік мәселелері және қазіргі педагогикалық инновациялық технологиялар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Республикалық ғылыми-практикалық конференцияны университеттің Бірінші проректоры Баходир Алиев ашып, Низан Ильясұлының ғұмырын шәкірт оқытуға және тәрбиеге арнап, тынбастан еңбек етіп, ғылымға сүбелі үлесін қосып, 20-дан аса оқулықтар мен 150 ден аса республикалық, шетелдік журналдарда, ағымдық басылымдарда ғылыми-әдістемелік еңбектер жазған, білім саласында өзіндік қолтаңбасы бар, еліміздің мәдениеті, ғылымы мен білімін өркендетуге өз үлесін қосып келе жатқан тұғыры биік тұлға екенін атап өтті.

Білім саласын өркендетуде жемісті еңбек етуші ұстаз-ғалым озық шәкірттерінің бірнеше буынын тәрбиелеп, ұжымда әріптестерінің құрметіне бөленіп отыр. Білім беру саласындағы көп жылғы жемісті ғылыми-педагогикалық еңбегі үшін ол бірнеше рет ректораттың алғысын алды, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің озаты белгісімен» және жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.

Конференцияның ресми бөлімінде оқу ордасының Бірінші проректоры Б.Алиев, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Низан Ильясұлына басшылық атынан құттықтау хатын оқып, университеттің «Ұлағат» алтын медалімен марапаттап, ұлттық дәстүрге сай қазақтың шапанын жапты.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Низан Ильясұлының 1975 жылғы түлегі Гүлжахан Әлімбекова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары, ғылым докторлары Зейнолла Жанабаев, Қанат Мұқашев өз ізгі лебіздерін білдірді.

Низан Ильясұлының 1986 жылғы түлегі Алматы қаласының Әди Шәріпов атындағы №16 Жалпы білім беретін мектеп директоры Алтынкүл Момынқұлова құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады.

Пленарлық мәжіліс соңында Низан Ильясұлының мерейтойына арналған концерттік бағдарламамен жалғасты. Ал, түскі үзілістен кейінгі екінші бөлімде секциялық отырыстар болды.

Профессор Низан Ильясұлының ұстаздық өмір жолы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің тарихымен 50 жылға жуық біте қайнасып келеді. Профессордың басшылығымен бірнеше ғылым докторлығына оппонентік жасап, 3 ғылым кандидатын дайындаған. әрбір Ғылымға білімге зор үлес қосып келе жатқан танымал тұлға Н.Ильясовтың өмір жолы болашақ жастарға, білікті мамандарға мақтаныш әрі үлгі.

Гүлнәзия Түгелбайқызы,
1972 жылғы шәкірті, х.ғ.к., доцент