«Мемлекеттік рәміздер – рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты конференция өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 2 маусым күні Мемлекеттік рәміздер күні құрметіне орай «Мемлекеттік рәміздер – рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты конференция өтті. Мәдени іс-шараны Қыздар университеті және Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы бірлесе отырып ұйымдастырып, студент-жастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің мән-мазмұнын түсіндіріп, ұлттық патриоттық сезімдерді оятып, санасын бір серпілтуге ықпал етті.

Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл толып отыр. Бұл өте үлкен шара, еліміз үшін теңдесі жоқ мейрам. Осы тұрғыда Қыздар университетінің студенттерінің білімдерін тереңдете отырып, саяси сауаттылықтарын арттыру мақсатында жылдағы дәстүр бойынша рәміздерімізді ұлықтап, құрмет көрсетіліп отырады.

Отанымыздың ең үлкен ұлттық мақтанышы – мемлекеттік рәміздер. Ол – ұлттығымыздың айшығы. Әрбір қазақтай халқы мен Қазақстандай Отанын сүйген әрбір қазақстандық азамат Әнұран естілгенде, оң қолын жүрек тұсына апарып, қосыла шырқайды. Бұл – көкіректі кернейтін қуаныш. Еліміздің Көк байрағы желбірегенде төбеміз көкке бір елі жетпей қалатындай күй кешетініміз анық. Сонымен қатар, Елтаңбамыздың өзі өр рухты, дарынды ұлт екендігімізді айғақтайды. Иә, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты. Бұл сөз – әрбіріміздің жадымызда жатталып, санасызға сіңген жай ғана сөз емес, жігерді жанитын алапат бір күш.

Ғылыми жиында белгілі қоғам қайраткері, ғалым, тіл жанашыры А. Осман «Рухты асқақтатар рәміздер» атты тақырыпта көсіле сөйлеп, жастардың рухын бір көтеріп тастады. Тарих ғылымдарының докторы және ауған соғысының ардагері Б. Сайлан «Мемлекеттік рәміздердің ұлттық ерекшеліктері» деп бастап, ұлы құндылығымыздың небір қызықты һәм ұлтымызға тән болмыс-бітіміне тоқталып шықты. Ректор аппараты Бақылау және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің заңгері-құқықтық жұмыстар жөніндегі менеджері Д. Рысқалиев «Егемендік идеясының конституциялық бекітілуі және оның құқықтық маңызы» тақырыбында баяндама жасап, өз ойын еркін жеткізді. Ал, ҚазҰУ доценті, ф.ғ.д. К. Күркебай «Мемлекеттік рәміздердің көркемдік ерекшеліктері» деген, «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалы төраға міндетін атқарушы М. Ахмет «Елдіктің ерен белгісі – рәміздер», «Жас Отан» ЖҚ белсенді мүшесі А. Сүлейменова «Мен және менің елімнің мемлекеттік рәміздері» деген тақырыптарда әрі мазмұнды, әрі қызықты баяндама жасап, жастардың рухани санасын жаңғыртып, ұлтына деген махаббатының одан да еселеп жандануына септігін тигізді.

Жастар арасында өзіміздің Елдігімізді асқақтатып, біздің төлқұжатымыз болатын – Әнұран, Елтаңба, Ту тәрізді мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеп, үнемі осылай өскелең ұрпаққа дәріптеп жүре берейік!

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05