Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 2 маусым күні Мемлекеттік рәміздер күні құрметіне орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты ертеңгілік жиын өтті. Жиынды ашқан университеттің бірінші проректоры Б. Әлиев: «Баршамызға белгі 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні. Бұл күнді ұлықтамайтын қазақстандық болмауы керек. Өйткені, рәміздер – біздің ұлттымыздың бетке ұстар айнасы, алға сүйрейтін өр рухы. Әлемдік спорт жеңістерінде еліміз оқ бойы озып шығып, үздік деп танылғанда Әнұранымыз асқақтап шырқалып, Туымыз биікке көтерілгенде, әр ұлтым деген азаматтың төбесі көкке бір елі ғана жетпей қалатыны аян. Сондықтан осындай ұлттық болмысымыздың мән-мазмұнын өскелең ұрпаққа жеткізу үшін, біз бұл мерекені міндетті түрде атап өтуіміз керек», – деді.

Сондай-ақ, университеттің ғылыми-педагогикалық қызметкерлері, студент-жастар шығып өз ойларын білдіріп, көкірегін кернеген қуанышты дата екенін тілге тиек етіп жатты. Жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы Н. Қайдаулова: «Қымбатты жастар! Біз Тәуелсіз Қазақстандай еліміз бар болғанына шын мәнінде шексіз бақыттымыз. Әнұранмен тербеліп, Көк Туымызбен желбіріретіп, Елтаңбамыз төрімізде көркін беріп, биікте ілініп тұруының өзі зор ғанибет. Студенттер, сіздер дамыған мемлекеттердің алдыңғы сапында өз мемлекетімізді жарқырап тұрғанын көргілеріңіз келсе, білім жарысында биік шыңдарды бағындырып, еліміздің кемесін өрге жүздіріңіздер» – деп жастарды жалындатып, намыстарын оятып, жігерлендірді.

Расымен де Тәуелсіз ел болғаны ширек ғасыр өтсе, биыл мемлекеттік рәміздерімізге 25 жыл толып отыр. Бұл – қазақ үшін үлкен белес.

Халқымыздың жастары мемлекеттік рәміздерді – Әнұран, Елтаңба, Туды құрмет тұтып, ұрпақтан ұрпаққа аман-есен жеткізе берсін!

«Қыздар университеті»
медиа орталығы
8 (727) 2 79 38 05