Біліктілікті жетілдіру орталығында оқыту курсы өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 22 мамыр мен 2 маусым аралығында Біліктілікті жетілдіру орталығында «Әлеуметтік жұмыстың арнайы технологиялық негіздері» тақырыбында оқыту курсы өтті.

Бүгінгі таңда Біліктілікті жетілдіру орталығы – университет оқытушыларының ғана емес, сонымен қатар республика бойынша өзге білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өткізу жұмыстарымен айналысады.

Осы орайда өз жұмысын жан-жақты дамыту мақсатында Біліктілікті жетілдіру орталығы әлеуметтік қызмет көрсету саласы мен арнайы білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған оқыту курсын жалғастыруда.

Біліктілікті жетілдіру орталығының ұйымдастыруымен өткен оқыту курсына Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Алакөл, Қаратал аудандарынан және Текелі қаласының әлеуметтік қызмет көрсету саласының қызметкерлері қызығушылықпен белсенді түрде қатысты.

Оқыту курсының негізгі мақсаты – білім мен құзыреттілікті игерген, арнайы білім беру және қызмет көрсету саласында күнделікті еңбек нарығына бейімделген, бәсекеге қабілетті жоғары білікті маман дайындау.

Курс бағдарламасы – қазіргі уақытта қоғам мен заман талабының өзгеруі, Қазақстан Республикасы заңнамасы мен әлеуметтік қызмет көрсету саласының (қарттар, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалар, мигранттар мен босқындар) ұлғаюы, қызмет көрсету саласында ІТ технологияны кеңінен қолданылу сияқты мәселелерді қамтыды.

Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының білікті профессор-оқытушылар құрамымен дайындалған курс бағдарламасы «Әлеуметтік жұмыстың теориялық негіздері», «Әлеуметтік жұмыстың технологиясы мен зерттеу әдістері», «Салалық жұмыс» және «Практика мен келешек» атты негізгі төрт модульден тұрады.

Курс барысында тыңдаушыларға «Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары» (саяси ғ.д., доцент Б.И.Иманбекова), «Әлеуметтік жұмыстың саяси-құқықтық негіздерінің заманауи мәселелері» (әлеуметтану PhD А.С.Беймишева), «Әлеуметтік жұмыстағы гендерлік мәселелер», «Мигранттар және босқындармен әлеуметтік жұмыс жүргізу» (филос.ғ.д., доцент С.И.Оспанов), «ІТ технологияны әлеуметтік жұмыста қолдану мәселелері» (АКТО директоры А.Ахметов), «Әлеуметтік жұмыстың әдістері мен технологиясы» (магистр, оқытушы Қосдаулетова С.Қ ) тақырыптарында және жастарға, қарттар мен мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі және девиантты мінез-құлықты балаларға, қиын жағдайдағы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары, түзету және бейімдеу орталықтары, әлеуметтік құжаттама мен сақтандыру жүйесі саласында дәріс, семинар-тренингтер өткізілді.

Сонымен қатар, курс барысында дәріскерлер мен тыңдаушылар арасындара өзекті мәселелер бойынша пікірталас ұйымдастырылды. Курс соңында барлық тыңдаушылар эссе жазу, презентация жасау, түрлі деңгейлік тест тапсырмаларды орындап, алған білімдерін қорытындылап, белгіленген үлгідегі арнайы сертификатқа ие болды.

Әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының сұранысы мен қызығушылығына байланысты Біліктілікті жетілдіру орталығы осы бағдарлама бойынша алдағы уақытта тағы да өткізуді жоспарлап отыр.

Біліктілікті жетілдіру орталығы