Қыздар университеті студенттері дельфий ойындарына атсалысты

Алматы – Қазақстанның ең ірі, ең әсем де көрікті қаласы. Бұл мыңжылдық тарихтың терең қойнауы, мол шежіресі бар мәдениет ошағы. Мұнда қазіргі ойлау үлгісі мен дәстүрлі таным ерекшелігі үйлесетін ғылым мен инновация, мәдениет пен өнер мекені.

Қаланың өмірі мен дамуына бей-жай қарай алмайтын белсенді алматылықтар, яғни Алматы «Студенттер Альянсы», «Жастар Конгресі» студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары мен Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту бөлімінің бастамасымен өнерлі жастарды қолдау және ел арасында таныту, оларды толерантты рухта тәрбиелеу, кәсіби өсуіне ықпал жасау мақсатында Алматы жастары Дельфий ойындары өткізілді. Дельфий ойындары мамыр айында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында бастауын алды. Байқауға әртүрлі жастағы мектеп оқушылар мен ЖОО студенттері қатысу мүмкіндігіне ие болды, осы орайда университетіміздің талантты студенттері де өздерінің бағын сынап дүл-дүл байқауға аттанып жүлделі орындардың иегері атанды. Олар: Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 2 курс студенті Гаухар Пернебаева «Киім дизайны» аталымы бойынша I орын және Ұлттық Дельфий ойындарына жолдама иегері, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 3 курс студенті Жанерке Мұса «Киім дизайны» аталымы бойынша II орын иегері болды. Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 2 курс студенті Ұлжан Қайратова «Тележурналистика» аталымы бойынша II орын иегері атанды. Өнер және мәдениет факультетінің 3 курс студенті Ақық Қанибек «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша II орын иегері болды. Сондай-ақ, белсенді студенттеріміз сертификаттармен қоса «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне жолдама билет алып, жүлделері жүлдемен жалғасын тапты.

Бұл жетістіктер болашақта университетімізде жеткіншек студенттердің талантты да дарынды болуына өз ықпалын тигізіп, жаңалыққа құштарлығын оятуға өз үлесін қосары айқын!

Айжан Мамытова,
«Студенттер Альянсы» ұйымының көшбасшысы