Жазғы мектеп тыңдаушылары үшін Ашық есік күні өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Жазғы дайындық мектебі» аясында мектеп оқушылары үшін Өнер және мәдениет факультеті Ашық есік күнін өткізді.

Шараны Өнер және мәдениет факультетінің деканы Гүлнұр Өмірбаева салтанатты түрде ашып, факультет тарихынан бастап күні бүгінге дейінгі жетістіктерін айтып, дайындалатын мамандықтармен таныстырды. Факультет басшысы сондай-ақ, мамандық таңдау болашағын айқындайтын жауапты іс екендігін атап өтіп, мектепті аяқтағанда дұрыс таңдау жасауларына тілектестігін білдірді.

Өз кезегінде оқушылар қызықтырған сұрақтарына тұщымды жауап алып, университеттің мүмкіндіктері мен аталмыш факультетте даярланатын мамандықтар жайында толыққанды ақпарат алды. Тыңдаушыларға сондай-ақ, факультет туралы ақпараттық буклеттер таратылды.

Кездесуден соң мектеп оқушылары білім ордасының «Ақтұмар» мұражайына саяхат жасады. Спорттық ойын түрлерін ұнататын оқушылар денешынықтыру мен валеология кафедрасының оқытушыларымен спорттық жаттығулар жасап, спорттық алаңдар мен тренажер залдарымен танысты.

Өнер және мәдениет факультеті Қыздар университетінің ең жетекші факультеттерінің бірі болып табылады. Қыздарды классикалық музыка өнерінің қыр-сырымен таныстырып, арнайы музыкалық білім беретін факультетте мәдени-бұқаралық жұмыс, кітапхана ісі, хорды дирижерлау, ән салу, хореография мамандықтары дайындалады. Сонымен қатар, фортепиано, баян, домбыра, қобыз және т.б. халық аспаптарында үйрететін музыкалық пән мұғалімдері даярланады.

Өнер және мәдениет факультетін Мәдина Ералиева, Ұлжан Айнақұлова, Дина Хамзина, Гүлнұр Өмірбаева, Үрәлхан Сейілбекова, Тамар Асар, Маржан Арапбаева, Гүлнұр Оразымбетова және т.б. елімізге танымал әншілер бітірген.

60-жылдары ашылған факультетте Бақытжан Байқадамов, Ахмет Жұбановтан бастап Өмірбек Байділдаев, Тен Чу, Дүңгенбай Ботбаев, Марат Балтабаев сынды қазақ өнерінің мақтаныштары, айтулы дарын иелері ұстаздық қызмет атқарған. Факультетте елімізге танымал өнер ұжымдары – «Ұлар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Айгүл» вокалдық-аспаптық және «Томирис» би ансамбльдері жұмыс жасайды.

Мектеп оқушылар үшін «Ашық есік» күндері алдағы уақытта университеттің алты факультетінде де өткізу жоспарланған.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 279 38 05